Әлемдегі ең көне биржа

Брюссельдік қор биржасының жабылу сәтінде BEL 20 индексі шамамен 1,5 пайызға төмендеген. Негізінде сауда және тауар биржалары қор биржасынан әлдеқайда бұрын пайда болғаны белгілі. Нарықтық экономика, көлік және заманауи байланыс құралдары дами түскен сайын тауар биржаларының да саны азая бастады. Өсіп-өркендеген кездері биржада тауардың 200-ден астам түрі саудаланатын. Алайда алғашқы акциялар пайда болып, қор нарығы дамыған шақта бұл көрсеткіш екі есеге кеміп кетті. Ресми дерек бойынша, әлемдегі ең алғашқы сауда биржасының ресми ғимараты 1531 жылы Антверпенде бой көтерген деседі. Дегенмен мұндай сауда алаңдардың ең алғашқысы одан да ертерек, 1393 жылы Бельгияның Брюгге қаласында пайда болған екен. Оның иесі Ван Дер Бурс Флоренция мен Генуяның алып сауда орталықтарынан келген қонақтар үшін келісім жүргізуге қолайлы жағдай жасап отырыпты. Бұл ғимаратта қызметкерлерге арналған кең залдар, сейфтер мен келіссөздер жүргізуге арналған жеке бөлмелер де болған. Ғимараттың маңдайшасында саудагерлердің әл-ауқатын аңғартатын 3 әмиянның таңбасы әлі күнге дейін ілулі тұр. Ал Брюссельдің қор биржасын 1801 жылы Наполеон құрған екен. Бір қарағанда зәулім сарайға ұқсас нысан Бельгия астанасының бетке тұтар беделді орындарының қатарына жатады. Ол 2000 жылдың басында Париж бен Амстердамның қор биржаларымен бірігіп, ең алғашқы панеуропалық биржаға айналды. Мамырдың аяғында Брюссельдің қор биржасы шаһардың қазіргі заманғы қаржы орталығының біріне көшкен. Оның бірнеше негізгі индексі бар. Арасында ең белгілісі – BEL 20 индексі.


Винсент Ван Дессель, Euronext Brussels биржасының бас директоры: - Бұл индекс нарықтағы бельгиялық ең ірі 20 компания акциялары бағамының өзгерісін білдіреді. Құнды қағаздар нарықтық капиталға сәйкес өлшеніп отырады. Бүкіл әлемге танымал бұл қор алаңында бүгінде 150-ге жуық компанияның акциялары айналымға түседі. Негізінен бұл – жергілікті ірі корпорациялар, оның тек бестен бір бөлігі ғана – шетелдік. Ортақ нарықтың капиталдандыру көлемі – шамамен 400 миллиард еуро. Жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, бұл салаға қаржы салушылардың саны арта түспесе, азаяр түрі жоқ.

Том Симонс, қаржы нарығының маманы: - Брюссельдің қор нарығындағы жағдайды саралай келе, дағдарыстың беті қайта бастағанын бағамдауға болады. BEL 20 индексі дағдарысқа дейінгі, яғни, 2008 жылғы деңгейінде тұр. Биржадағы сауда-саттық көлемі бойынша корпоративтік сектордың үздік бестігі әлемдік инвесторлар арасында аса танымал екенін атап өткен жөн. Оған Дельта Ллойд қаржы тобы, әлемге әйгілі сусындар шығаратын Anheuser-Busch InBev атты алып компания, банктік, өнеркәсіптік және тау-кен қазушы кәсіпорындар кіреді. Олардың акцияларын сатып алу инвестициялық қоржынды әртараптандыруға жол ашады. Мамандардың пікірінше, бұл осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ойыншылармен қатар, қор нарығына алғаш қадам жасаған жандар үшін де тиімді.