Әлемді таңғалдырған егіз спортшылар


Егіздер туралы сөз болғанда ең әуелі еске еркін күрес шеберлері Сергей мен Анатолий Белоглазовтар еске түседі. Сережа мен Толяның үлкен спорттағы алғашқы қадамы 14 жасында басталды. КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Гранит Таропин Сережа мен Толяның бойынан тұнып тұрған талантты байқайды. Сөйтіп, оларды еркін күрестің әдіс-тәсіліне баулуға кіріседі. Бастапқыда Сергей де, Анатолий де бір салмақ дәрежесінде белдесетін. Кейінірек бапкері оларды екі салмаққа бөліп, Сергей сыңарына қарағанда ауыр салмақта күш сынасты. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада егіздер тұңғыш рет дүбірлі доданың алтынын жеңіп алды. Әуелі Толя мықтылығын дәлелдесе, сәл кейінірек Сережа Олимп шыңына шықты. Мұндай жағдай еркін күрес тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Лос-Анджелестегі Олимпиадаға (1984 жыл) КСРО бойкот жариялауына байланысты Белоглазовтар АҚШ-қа бара алған жоқ. Ал Сеул Олимпиадасында (1988 жыл) Сергей екінші мәрте алтын медальға қол жеткізді. Толя 4 рет, Сережа 6 мәрте әлем чемпионы атанды.