Әлемдік банк директорларының кеңесі Қазақстанмен әріптестіктің жаңа стратегиясын бекітті

Әріптестік стратегиясы дегеніміз - Әлемдік банктің таяу жылдарда елді дамытуға қолдау көрсету бағытында Қазақстанда жүзеге асыратын іс-қызметін жан-жақты сипаттайтын құжат. Әріптестік стратегиясы сондай-ақ, Әлемдік банк пен оның бағдарламаларының Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастығын қолдауға арналған іс-қызметімен де тікелей байланысты. Ал бұл шеңберде Қазақстанға айрықша маңызды конструктивті орын беріледі.

Стратегия жобасын жасауға республика үкіметі де атсалысқандықтан, ол Қазақстанды орта мерзімді дамыту мақсаттарымен сабақтастырылған. Стратегия жобасын жасау барысында сарапшылар Қазақстанның даму деңгейін ескергенде несие көлемінен гөрі өзара білім мен халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерінің, сондай-ақ, банк тарапынан қаржыландырылатын жобаларды жасау, жүзеге асыру және оған мониторинг жасаудың маңызы анағұрлым зор екенін атап көрсетті.
Мәселен, стратегияда негізгі төрт түрлі басты мақсат айқындалған. Атап айтсақ, олар мұнайдан түскен кірісті басқару, мемлекеттік саясат пен институционалдық жүйені жетілдіру, жеке меншік секторды дамыту және бәсекелестік қабілетті дамыту арқылы экономика саласын диверсификациялауды ынталандыру үшін тиісті үкімет ролін қалыптастыру, адами капитал мен инфрақұрылымға инвестиция жұмсау, қоршаған ортаны қорғау болмақ. Бұл мақсаттарға қол жеткізу - халықтың жаппай экономикалық өсімнің игілігін тұтынуына жағдай жасайды.
Стратегияда жалпылама іс-қызмет салалары қысқаша баяндалған. Ал нақты шаралар үкіметтің жоспарлары мен бюджеті шеңберінде соңыра айқындалып, келісіледі. Бұл Әлемдік банк бағдарламаларын ҚР үкіметі жобалаған даму жоспарларына толықтай сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тараптар өзара келісілген жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға арналған қаржының басым бөлігін республикалық бюджеттен, ал жартысына жуығы Әлемдік банк қаржысынан бөлу туралы уағдаластыққа келді. Алдағы 18 айда ҚР үкіметі мен Әлемдік банк ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы, ирригация және дренажды жүйе секілді екі саладағы жобалар бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.