Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның көптеген елдеріне сот жүйесінің тиімділігін арттыру, заңдылықты нығайту, судьялардың есептілік үрдісін нығайтуға бағытталған ықпалды ынталандыру тетіктерін құру үшін әлі де көп нәрсе тындыру керек, делінген баяндамада. Сонымен бірге, баяндама авторларының пікірінше, соттардағы аяқсыз қалған істердің санын қысқарту және аймақ елдеріндегі сот органдарындағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға белсенді шаралар қолдану қажет.
Баяндамада өтпелі экономикалы елдерде 1990-жылдан бергі кезеңдегі құқықтық институттарды өзгертуге бағытталған талпыныстарға талдау жасалып, жүйелердің қазіргі ахуалына баға берілген.
"Сот реформасының қарқыны қазір біршама ілгерілеп кеткен басқа да құрылымдық реформалардан анағұрлым артта қалған. Сот жүйесін жаңалау және нығайту саласында өзге кез-келген институционалдық реформалар саласымен салыстырғанда ілгерілеушіліктер кемшін",- дейді баяндама авторларының бірі әрі Әлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша экономиканы нығайту және кедейлікпен күрес жөніндегі департаментінің директоры Черил Грей.
"Еуропа және Орталық Азия аймағы елдері өтпелі кезеңді аяқтап, әлемдік рыноктағы басқа елдермен бәсекеге түсе бастаған сайын, ал кәсіпорындар түрлі іскерлік сипаттағы шиеленістерді шешу үшін ресми құқықтық жүйенің көмегіне жүгіну аясы кеңейген сайын соттарға түсетін ауыртпалық арта түседі. Сондықтан да құқықтық институттарды нығайту - алдағы онжылдықтың басты мақсаттарының бірі" ,- дейді баяндама авторларының бірі әрі Әлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша мемлекеттік сектордағы басқару мәселелері жөніндегі аға маманы Дэвид Бернштейн.
Баяндама мәліметтеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан кәсіпорын жетекшілерінің төрттен бірі ғана соттарды әділеті әрі адал деп санайды. Ал Албания, Қырғызстан, Молдавия және Ресей секілді елдерде осындай жауап беретіндер саны тіптен аз болған. Сауалнамаға қатысушылардың 40 проценттен аз бөлігі соттар өз шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ете алады, деп санайды. Басшылардың басым бөлігі соттар өте баяу жұмыс істейді, сот процессі қымбатқа түседі деп атап көрсеткен. Көптеген елдерде ахуал нашарлай түскен. 90-шы жылдардың орта шенімен салыстырғанда азаматтардың соттар туралы, сот жұмысы жайындағы пікірі нашарлай түспесе, жақсарған жоқ, дейді баяндама авторлары.