Бұл қаржы Қазақстандағы ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекелестік қабілетін арттыруға бағытталған жобаны жарым-жартылай қаржыландыруға арналады. "Бұл несие жалпы 83,1 млн. долларға бағаланған жоба құнының 30 процентін қамтамасыз етеді. Жоба құнының тең жартысынан астамын республикалық бюджет есебінен, ал қалған 15 процентін бенефициарлар, яғни, несиені алушылар есебінен шығару көзделіп отыр",- деп хабарлайды Әлемдік банктің баспасөз қызметі.
ҚР ауылшаруашылығы министрлігімен бірлескен жоба мынадай төрт бөлімнен тұрады: ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін басқару; ауылшаруашылығы саласындағы маркетинг; ауылшаруашылығы саласындағы қолданбалы зерттеулер және ақпараттық-консалтингтік қызмет; институционалдық және ауылшаруашылығы саясатын жобалау.
Әлемдік банк бұл несиені 5 жылдық каникул мерзімімен жалпы алғанда 20 жылға бөліп отыр. Қазақстан Әлемдік банкке мүшелікке өткен 1992-жылдан бері елімізге 25 жобаға бөлінген инвестиция көлемі 2 млрд. долларға жетті. Қазақстандағы ауылшаруашылығы саласындағы несиелердің жалпы үлесі 180 млн. долларды құрайды.