Әлемдік экономикадағы кідіріс бюджетке нендей өзгерістер енгізді?

төмендеуіне байланысты 2015 жылдың бюджетін қайта қарайтынын алға тартып еді. «Қазақстан Үкіметі алдағы жылдың бюджетін қайта қарайды. Өйткені, мұнай бағасы төмендеп, бір  баррелі 80 долларға түсуі мүмкін деген болжамдар бар» - деді Вице-премьер Бақытжан Сағынтаев. Сосын Парламенттің суырмасында жатқан «2015-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау мерзімін палата депутаттары да ұзартқан. Бақсақ, мұнай бағасының төменге қарай құбылуы алдағы жылғы бюджетті ғана емес, ағымдағы 2014 жылдың бюджетіне де түзету енгізуге әурелеп жатқанға ұқсайды.   Тоқтала кететін жайт, мұндай өзгерістер жылда болып тұратын жайт еді, Үкімет жыл сайын күз ортасы бюджетке көз жүгіртіп, оны бекемдеп жататын. Соның ішінде алдыңғы жылдары бюджетке түзету енгізгенде атқарушы билік ондай нақтылауларды негізінен «бюджетте игерілмеген қалдықтар қалмасы үшін, оны игерілетін салаларға теңшеп қотарамыз» деп ақталушы еді. Ал биылғы жағдай керісінше болғалы тұрғанға ұқсайды.

Әлемдік ахуалға көз жүгіртсек, 2014 жылы дүние экономикасындағы жаңалықтар Еуроаймақтағы дағдарыстық жағдайлардың жалғасуымен, қаржы нарықтарындағы жағдайлардың нашарлауымен және өндірістің қысқаруымен сипатталады. Мәселен, ағымдағы жылғы маусымның ортасынан бастап әлемдік мұнай бағасы 27,1 пайызға, яғни барреліне 115,1 доллардан қазіргі таңда 83,8 долларға дейін тұрақты түрде төмендеді. Бұл ғана емес, Украина дағдарысы аясындағы батыс пен Ресейдің өзара санкциялық текетіресінен туындайтын оқиғалар да әлемдік экономиканың, соның ішінде Қазақстанның экономикасына да өз әсерін беріп отыр. Айталық, еліміздің сыртқы сауда айналымы ағымдағы жылдың 8 айында 9,1 пайызға, яғни 88,5 млрд. доллардан 80,4 млрд. долларға дейін азайған. Соның ішінде экспорт - 6,0 пайызға, 57,4 млрд. доллардан 53,9 млрд. долларға дейін, импорт - 14,7 пайызға 31,1 млрд. доллардан 26,5 млрд. долларға дейін төмендеген. Мұнай мен металлдың әлемдік бағалары төмендеуімен қатар Ресейге шығатын экспортымыз 20 пайызға төмендеген.

«Әлемдік экономиканың өсім қарқынының күтілгеннен де төмен болуы және сыртқы нарықтардағы қазақстандық өнімдерге сұраныстың төмендеуі аясында Қазақстандағы экономикалық өсу қарқыны баяулады. Нәтижесінде, ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйектегі алдын-ала бағалау бойынша ЖІӨ өсуі 4 пайызды құрады, өткен жылғы ұқсас кезеңде ЖІӨ өсімі 5,7 пайыз деңгейінде болған еді. Экономикалық өсу қарқыны төмендеуінің негізгі факторлары экономиканың шикі мұнай өндіру, түсті металургиядағы өндіріс және машина жасау сияқты үш саласында өндіріс көлемінің төмендеуі, сондай-ақ сыртқы сауда айналымының баяулауы болды», - дейді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі 0,2 пайызға қысқарса, негізгі капиталға инвестициялардың өсімі 5,5 пайызға төмендеген. Негізгі себеп өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың азаюымен байланысты, бұл өңдеу салаларында өнімі шығарудың өсуінің баяулауына да әсер еткен. Дегенмен, бір бағытта төмендеу болса, кейбір салалар қарқынды сақтап отыр, мәселен, экономиканың өсуіне негізгі үлес қосып отырған қызмет көрсетулер саласы болса, оның өсуі 5,4 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар, ауыл шарушылығы жалпы өнімінің көлемі 2013 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан. Бұл ретте мал шаруашылығындағы өсім еттің барлық түрлерінің 3,0 пайызға, сүттің - 2,2 пайызға, жұмыртқаның - 8,4 пайызға ұлғаюына негізделген.

Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық экономика министрі ағымдағы жылғы бюджетті нақтылауға негіз болған басты үш фактордың ықпалын да алға тартады. «Біріншіден, бюджетті нақтылауға 2014 жылғы қаңтар-қыркүйектегі экономика салалары дамуының және экономика салалары өсуінің нақтыланған нысаналы индикаторларының алдын-ала көрсеткіштеріндегі өзгерістер ықпал етті. Екіншіден, тауар нарықтарындағы әлемдік бағалардың өзгеру үрдістері де ықпал етіп отыр. Өйткені, мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 95 АҚШ доллары деңгейінде сақталғанымен, соңғы уақытта құлдырады, ал металлдар бағасының болжамды деңгейі өткен жылғы деңгейге қатысты 104,1%-дан 93,7%-ға дейін төмендеген. Үшіншіден, 2013 жылғы ЖІӨ көлемі бойынша нақтыланған есептік деректер. Мәселен, ЖІӨ көлемі 35 трлн. 275,2 млрд. теңгені құрады, бұл бұрын болжанған көлемінен 1754,0 млрд. теңгеге жоғары», - дейді министр Ерболат Досаев.


Ал жалпы болжамдарға келетін болсақ, мұнда да біршама өзгерістер енген. Мәселен, бұған дейін биыл елімізде мұнай өнімі 83 млн. тоннаны құрайды деп жоспарланып келсе, нақтыланған бюджет жобасына сәйкес, бұл көлем 81,8 млн. тоннаға дейін төмендеген. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығында өсім бұған дейін 3,9 пайызға болжанса, жаңа болжам бойынша ол 0,4 пайыз құрап отыр. Ал құрылыс секторындағы өсу көлемінің болжамы 1,5 пайызға артып, 4 пайызға дейін нақтыланған.

«Қазақстандық экспорт өнімдеріне сұраныстың азаюы және әлемдік нарықта мұнай мен металл бағаларының төмендеуі аясында болжамдар бойынша тауарлар экспорты 81,0 млрд. доллар құрайды, бұл мақұлданған болжаммен салыстырғанда 5,3 млрд. долларға төмен. Ал тауарлар импорты 3,6 млрд. долларға төмендеп,  48,6 млрд. долларды құрамақ. Экономика салаларының даму қарқынының баяулауы және өндірістің қысқаруы қызмет көрсетулер саласының өсу қарқынына әсер етеді деп күтілуде. Ал инфляция бойынша параметрлер жыл соңында болжанатын 6-8 % дәлізінде сақталады», - дейді Ұлттық экономика министр Ерболат Досаев.

Тұтастай алғанда, Үкімет жалпі ішкі өнім мен импорт болжамының төмендеуі есебінен 2014 жылғы республикалық бюджет кірістерін (трансферттерді есептемегенде) 420,7 млрд. теңгеге төмендетіп,  3 трлн. 940,4 млрд. теңгеге нақтылап отыр. Бұл ретте негізінен импортталатын тауарлардың 225,3 млрд. теңгеге және халықаралық саудаға салынатын салықтармен сыртқы операциялардың 173,8 млрд. теңгеге төмендеуі күтілуде. «Сондықтан да, кірістердегі күтілетін шығындарды жартылай өтеу мақсатында бюджет тапшылығын 2014 жылы 164,2 млрд. теңгеге немесе ЖІӨ-ге 2,3 пайыздан 2,6 пайызға дейін ұлғайтып отырмыз», - дейді Ерболат Досаев. Бұдан басқа, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында, 259,5 млрд. теңгенің шығыстары қысқартылады, есесіне бюджет тапшылығы 164,2 млрд. теңгеге  ұлғайтылмақ. Ал бюджет түсімдері 98,7 млрд. теңгеге азайтылып, 6 трлн. 107,4 млрд. теңгені құрайтын болып отыр.

Сөйтіп, Ұлттық экономика министрі жылдың аяқталуына екі айдан сәл ғана асатын уақыт қалғанда ағымдағы жылдың бюджетін қайта өзгертіп отыр. Басты қаржы құжаты алдымен Мәжілісте талқыланып, кейін Сенаттың қабылдауын алғанша да біраз уақыт. Ендеше, қалған екі айда қайта жаңаратын бюджет бойынша жұмыс істейтіндіктен, оны игеру мәселесі де өзекті бола түсітені сөзсіз.