Әлемдік Жаңа жылды күнтізбенің ауысуы ғана деп қабылдау керек немесе Наурыз нағыз мерекеге айналды ма?

Көптің пікіріне құлақ салсақ, «Наурыз мерекесі бір күнге ғана арнап киіз үй тігілумен, қазақы шапан киіп алып, наурызкөже ішумен шектелетін кезекті бір науқан» іспетті, деп жазады "Алматы ақшамы" газеті. Неге?.. Халықтың санасына ұялаған мұндай пікірді жою үшін бізге қандай шаралар һәм тың идеялар қажет?! Жалпы, «Наурыз мейрамының сіз үшін маңызы қандай, бұл мерекені тойлайсыз ба?» деген мың-сан сұраққа жауап іздеп, біз қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп көрдік. 

Ержан ЗАКАРЬЯНОВ, кәсіпкер:

Еуропаша жаңа жылдағы көңіл-күйді енгізу керек

– Әр жылы Наурыз келген сайын менің есіме ауы­лымдағы Наурыз мерекесі түседі. 22 наурыз күні міндетті түрде әйтеуір бір киіміміз жаңа болуы шарт. Мерекедегі анамыздың балалары үшін жаңылмай әзірлейтін сыйының бірі осы болатын. Барлық үйдің дастарханы қазақтың ұлттық тағамдарынан қайысып тұратын. Құдды бір саудасыз базар ашылғандай, біз мәре-сәре болып, әр үйден бір тәтті жеп, наурызкөже ішіп, кешкісін шаршап-шалдығып үйге әрең жететінбіз. Қызық еді… Ал қалада Наурызды өз ерекшеліктерімен атап өтетін үйлер некен-саяқ. Сондықтан бізге әлгі еуропаша жаңа жылдағы көңіл-күйді өз мерекемізге біртіндеп ауыстыруға күш салу керек. Ол үшін мерекенің шырайын кіргізетін жағымды жаңалықтар мен игі бастамалар көбірек ұйымдастырылса, Наурызымыз жандана түсер еді.

Бибігүл НҰРСАДЫҚҚЫЗЫ, №5 қалалық аурухананың медбикесі:

Жыл сайын жаңартып, жаңғыртып отыруға күш салу керек

– Биылғы мерекенің қалай өтетіні әзірше белгісіз. Егер орысша жаңа жыл болғанда, баяғыда-ақ, жалаулатып, жарнамалатып, елдің бәрін түрлі тосынсыйларымен өзіне баурап алар еді. Ал біз қазірше үнсізбіз… Ащы да болса, шындығы сол, бізде сылдыр сөз бен құрғақ уәде көп. Жыл сайын мерекені керемет қарсы аламыз дейміз де, қазақтың тұсаукесер, бесікке салу, қыз қуу, т.с.с. рәсімдерін көрсету­мен шектеліп, ұлттық ойындарды қайталаудан әріге аспаймыз. Бұл да керек, әрине. Алайда, мерекені жыл сайын жаңартып, жаңғыртып отыруға күш салу керек. Қайткен күнде де қазақтың жаңа жылы өз деңгейінде аталып өтілуі тиіс қой.

Жанар ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ, №109 орта мектептің тарих пәні мұғалімі:

Жаңа жылды күнтізбенің ауысуы ғана деп қабылдау керек

– Иә, біз үшін 22 наурызда күн мен түн теңеліп, шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Алайда, күллі адамзат баласы қарсы алатын жаңа жыл мерекесін шетке ысырып тастау дұрыс емес… Неге десеңіз, дәл сол күні күнтізбенің жаңа парағы ашылады. Жаңа ай, жаңа күн басталады дегендей… Сондықтан біз оны тек күнтізбенің ауысуы деп қана қабылдауымыз керек сияқты. Есесіне, өз жаңа жылымыз – Наурыз мерекесін отбасымызбен дастархан басына жиналып, бір-бірімізге ақ тілектерімізді арнап, құттықтап жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді… Ол солай болу керек те… Егер біз, әр отбасы, осыған дағды­лансақ, әз-Наурыз өз деңгейінде тойланатынына күмәнім жоқ.

Балауса МЕКЕБАЕВА, бухгалтер:

Ұлттың мерейін, рухын көтеріп жүр деп айта алмаймын

– Қазір елдің көбі «қайтсем ақша табам» деген жанбағыспен жүр. Соның салдарынан, көпшілігіміз ұлттық мерекелерге аса көңіл бөлмейтін болып барамыз. Байқайсыз ба, осындай жалпыхалықтық мерекелер өтер кезде қыдырып келген адамнан алыпсатарлардың қарасы көбірек болады. Әйтеуір, бірді-екіге соғып, аспандаған бағаға тауарын ұсынатындардан аяқ алып жүре алмайсың. Осыдан кейін мереке ұлттың мерейін, рухын көтеріп жүр деп айта алмаймын. Ұлтымыз жойылып кетпесін десек, дәстүрімізді өскелең ұрпаққа дәріптеуден еш жалықпауы­мыз керек. Бұл – бабалар аманаты. Жылда қайталанады деп бәзбіреулер өкпе айтып жатады, бірақ, бұл дұрыс пікір емес. Ал тарихы жоқ ұлт жойылуға бейім келеді. Сон­дық­тан жыл сайын қазақтың дәстүрлерін қайталап көр­сеткеннің ешқандай зияны жоқ. Менің балаларымның бар­лығы мереке жайында өте жақсы біледі, жыл сайын үйімде наурызкөжемді жасап, ағайын-туыстың басын қосамын. Қысқасы, менің отбасым үшін Наурыздың орны бөлек.

Шынар ЯКУБАХУНОВА, әлеуметтік педагог:

– Исі мұсылман халқы үшін Наурыз мерекесінің  маңызы ерекше. Сондықтан аталмыш мерекенің жақсы өтуі үшін аудан әкімдіктері тұрғындар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырып, дәуірі жүріп тұрған ком­паниялар лотереялар ойнатса, жеңімпаздар түрлі тосын­сыйларға ие болып жатса, әрине, ондай мерекені кім қарсы алғысы келмейді дейсіз?! Ол үшін әрбір шаңырақ (әкім-қараларға арнап емес) өз отбасында мерекелік дастархан жайып, қалай қарсы алып жатқандығын әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырушыларға жіберсе, жеңімпаздар теледидар арқылы көрсетіліп жатса, қарапайым халық қуанып қалар еді ғой. Бұл да бір дәстүрді жаңғыртудың бір парасы болар ма еді? Одан, әрине, ұтарымыз көп. Өскелең ұрпақтың санасы ұлттық мерекенің мән-маңызын түйсініп өсуіне септігін тигізбесе, қанеки!

Жыл сайын мерекені керемет қарсы аламыз дейміз де, қазақтың тұсаукесер, бесікке салу, қыз қуу, т.с.с. рәсімдерін көрсетумен шектеліп, ұлттық ойындарды қайталаудан әріге аспаймыз.

Ұлтымыз жойылып кетпесін десек, дәстүрімізді өскелең ұрпаққа дәріптеуден еш жалықпауымыз керек. Бұл – бабалар аманаты.