«Әлемнен үш тауар әкелсек, соның біреуі Ресейден»: Белгілі экономист Ресейден тәуелділіктен арылу керектігін айтып, көпті ойландырып қойды

Оның сөзінше тек сол кезде ғана Қазақстан еркін валюталық саясат жүргізе алады, деп хабарлайды Caravan.kz.

Бұл ретте сарапшы нақты статистикалық мәліметтерді мысалға келтірді.

«Бізге әкеліп отырған импорттық тауарды қарайтын болсақ, Ресейдің үлесі екі жыл бұрын 42,5 пайыз болған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 37 пайызға дейін қысқарды. Санкцияның салдарынан Ресейден таситын өнім аз да болсын азайды. Бірақ 37 пайыз дегеннің өзі өте жоғары. Демек біз әлемнен үш тауар әкелсек, солардың біреуін немесе бір жарымын Ресейден әкеліп отырмыз. Сондықтан біз Ресейге деген тәуелділіктен әбден кетуіміз керек, сол кезде ғана біз еркін валюталық саясат жүргізе аламыз. Демек теңге алдағы уақытта әлсірейді», - деді ол.

Бұған қоса Мақсат Халық теңгенің әлсіреуіне әкелетін тағы бір фактор – ұлттық қор аударымдары екенін атап өтті.

«Ұлттық қор аударымдары бізде қысқару керек еді. Осы жаңа, бекітілген үш жылдық бюджетте біз 6,2 трлн көлемінде қаражат аударамыз деп бекіткенбіз. Демек әр жылда біз 2 трлн теңге қаражат аударуымыз керек еді? Бірақ жақында ғана бюджет қайта бекітіліп, бюджет шығыстары 21 трлн теңге еді, тағы да 1,5 трлн теңгеге асып кетті. Сөйтіп тағы да 22.5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Тиісінше ұлттық қор аударымдарын тағы ұлғайтты. Осы жылы ұлттық қордан тағы 4 трлн теңге аударылатын болды. Ол дегеніміз Ұлттық банкте белгілі бір дәрежеде «маневрға» мүмкіндік болады.

Өйткені Ұлттық қор қаражаттары доллармен тұр. Оны елге алып келіп, осы жерде теңге сатып алынады. Тиісінше теңгеге деген сұранысты қолдан туғызып, теңгенің құнын ұстап тұруы мүмкін. Яғни Ұлттық банк алтын валюта резерв қорынан интервенция жасамаймыз дейді, теңгені ұстап тұру үшін арнайы қаражат бөлмейміз деп айтады. Бірақ Ұлттық қордан долларды әкеліп, Қор биржасы арқылы теңге сатып алады. Сөйтіп жасырын, адамдарға көрінбейтін интервенция жасайтын болады. Сол арқылы теңгені белгілі бір дәрежеде ұстап тұрады, өткен жылы да сондай сценарий болды. Одан арғы жылы да сондай болды, өйткені Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге ақша аударылған болатын. Мұның барлығы теңгені ұстап тұру құралы болды», - деп сөзін аяқтады экономист.