"Ауырып тұрса да қарсылас шақ келтірмеді" Еліміздің қыздар құрамасы алғаш рет шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды

Қазақстанның шахматтан әйелдер ұлттық құрамасы Будапештте өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында 2 орын алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Әлемнің 170 елі арасында еліміз тарихта алғаш рет күміс медаль жеңіп алды. Бірінші орынды бізден бір ұпай артық алған Үндістан, үшінші орынды АҚШ еншілеген. 

Ұлттық Құрама намысын Бибисара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман, Әмиина Қайырбекова қорғады. 

20 жасар Ұлттық құраманың жұлдызы Бибисара Асаубаева ойын кезінде ыстығы көтеріліп, өзін жайсыз сезінсе де, Қазақстанның намысын қорғауға барынша күшін салғанын журналистерге берген сұқбатында айтты. 

«Жарыс басталғалы ауырдым. Ыстығым көтеріліп, әлі де дәрі-дәрмек қабылдауға мәжбүрмін. Бір сәтте жүре алмай қалғаным да бар. Венгрияның ауруханасына үш рет жүгініп, хирургке қаралдым. Тіпті соңғы жарыс күні де өзімді жайсыз сезіндім. Енді бұл жағдай қайталанбайды деп үміттенемін», - деді ол. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әйелдер құрамасын тарихи жеңісімен құттықтады. 

«2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтаймын. Бұл – қазақ шахмат мектебі мен шахматшы қыздарымыздың тамаша жетістігі. Спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін»! – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік парақшасында.

45-ші шахмат Олимпиадасының шешуші турында Қазақстанның әйелдер құрамасы АҚШ командасымен бақ сынасты. Будапештте өткен жарыста қазақстандықтар 18 ұпай жинап, алғаш рет Олимпиада жүлдегері атанып отыр.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тарихи нәтиже көрсетіп, күміс медаль жеңіп алған шахматтан еліміздің қыздар құрамасының және дүбірлі додаға қатысқан ерлер құрамасының спортшыларын Астана әуежайынан қарсы алды.

Ербол Мырзабосынов шахматшыларды айтулы жеңісімен құттықтап, олардың жетістігін жоғары бағалады. Сондай-ақ Министр бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі екенін, Мемлекет басшысы елімізде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.

«Шахмат олимпиадасында екінші орын иеленген қыздар құрамасын тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс Қазақстандағы шахматтың қарқынды дамуының айқын көрінісі деп білемін. Бүгінгі таңда елімізде 7 мыңнан астам шахмат секциясы жұмыс істейді, ал бұл спортпен айналысатындардың саны 200 мыңнан асады. Қыздар құрамасы шахмат олимпиадасына басты фавориттердің бірі ретінде қатысты. Соған лайық өнер көрсетті. Олар Қазақстан шахматының деңгейі жоғары, болашағы жарқын екенін бар әлемге паш етті. Осы орайда шахматшыларды дайындаған жаттықтырушыларға, қолдау көрсеткен барша жанкүйерге, спортшылардың ата-аналарына алғысымды айтамын», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдап, Қазақстан арулары (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеген еді.