Әлемнің алпауыт компаниялары Астанада қару-жарақ саудасын қыздыруда

Бұл Қарулы Күштеріміздің кезекті жаттығуы емес. Элиталық бөлімдер соңғы үлгідегі әскери техникалары мен авиациядағы жетістігін үлкен мақтанышпен паш етіп жатыр. Өйткені, «KADEX» көрмесіне келген  шетелдіктерге Қазақстанда жасалған өнімді жарнамалап, сату керек.  Екінші жағынан Қорғанысқа қажетті әлемнің озық техникасы мен қару жарағын делдал компанияларға жүгінбей, дәл Астанада отырып  келісім-шарт жасасуға болады.

Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:

-Қазақстан Қарулы Күштерінің қару-жарағы түгел ескірді деуге болады. Сондықтан авиация, бронетехника байланыс техникасы болсын, түгелін жаңадан алу керек. Қарастыру керек. Олар қымбат. Сондықтан бұл жерде қателеспей, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы техниканы алу қажет.

Қателеспеу үшін - таңдау көп. Мәселен, Франция әскери жүк тасымалдауға арналған алып «Эйрбас» лайнерін, Израиль ұшқышсыз басқарылатын ұшағын ұсынып отыр. 27 мемлекеттен келген әскери атташелер де қырағы. Кімде не бар екенін сырттай бақылап жүр. Ал көрме өтіп жатқан павильонда қызу қарбалас. Мұнда әр елден жеткізілген жүздеген қару мен техниканың тек макеті қойылған. Тапсырыс берген соң ғана түпнұсқасы жіберіледі.

Көрмеге еліміздің барлық күш құрылымдарының басшылары келді. Қорғаныстың бұрынғы және қазіргі министрінен бастап, Бас прокурор Асхат Дауылбаев та керегін іздеп жүр. Ал Ішкі Істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мына израильдік қаруға назары ерекше ауды. Ол лаңкестерді тұтқындау операциясы  кезінде пайдаланылады екен. 


-Бұл қару кез-келген бағытқа бұрылады. Мәселен бұлай. Сөйтіп мен бұрышта тұрып қуыста жасырынып тұрған қылмыскердің бет жүзін анық көре аламын. Бейнекамера арқылы. 

Мүмкіндігі мол қаруға қызыққан Қасымов көрмеден олжалы шықты.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі Істер министрі:

-  Көңілімізден шыққаны бар. Таңдау жасап қойдық. Бізге әртүрлі шетелдік компаниялар келіп өнімдерін  ұсынып жатады. Бірақ көрмеден одан  да, жақсы техниканың бар екенін көріп отырмыз.

«KADEX» көрмесі аясында бірқатар мемлекеттер бірнеше миллионды құрайтын келісім-шарттарға қол қоймақ. Ертең де көрме есігі сатушылар мен сатып алушыларға ғана ашық. Тек сенбіде кез-келген тұрғын көрмені тегін аралап, осыған дейін құпияда ұсталып келген қару жарақ пен техниканы өз көзімен көре алады. Тіпті қалтасы көтерсе осы жерден сатып алуға мүмкіндігі бар.