16 жыл бұрын 12 қазан күні күллі әлем Жердегі 6 миллиардыншы адамның дүниеге келуін күткен. Санақ бойынша мұндай құрметті отандасымыз Рәбия Ермұханова иеленді. Ол дәл сол сәтте өмірге келген босниялықтан санаулы секундтарға ерте туылып, жер шарының алты миллиардыншы тұрғыны болып тіркелді. Бойжеткеннің өзі бұл туралы 5 жасқа келгенде ғана біліпті.
Рәбия Ермұханова, Жердегі 6 миллиардыншы адам:
-Әлемдегі 6 миллиардыншы адам болу керемет сезім сыйлайды. Бұл атақ жайында әлі күнге дейін жер-жерде жазылып жатыр. Мәселен, география пәнінің оқулығында мен туралы ақпарат бар. Оқушылардың бәрі қызығушылық танытып, түрлі сұрақ қояды.
Рәбия алғашында бұл атақты сезіне алмағанын айтады. Ал бүгін ресми түрде төл құжатын иеленіп, құттықтаулар мен құшақ-құшақ гүл шоқтарын алған ол өзінің ғаламшардағы ерекше адам екенін сезіне түскендей. Әлемдегі құрметті атаққа ие қазақ қызы қазір тоғызыншы сынып оқушысы. Түрлі білім бәйгелерінде оза шапқан Рәбияның талабы да зор. Ал «Ғаламдағы 6 миллиардыншы адам» деген атақты оған Біріккен Ұлттар ұйымы берген. Мұны алғаш рет телефон арқылы естіген әкесі де аң-таң болғанын айтады.
Манарбек Ермұханов, Рәбияның әкесі:
- Біз өзіміз түсінбей қалдық. Бұл қандай мейрам. Бұл мейрамның мағынасын біз өзіміз түсінген жоқпыз. Болса болсын деп біз ондай көңіл де бөлген жоқпыз.
Отбасындағы тұңғыш перзентті күллі әлеммен қоса, ата-анасы да ұзақ күтіпті. Қазір ол артынан ерген қос бауырына да қамқор. Ғаламдағы ерекше жан болашақта сәулетші болып, туған қаласын көркейту үшін атсалыспақ арманы бар.
Loading...