«Әлеуметтік күтуші» жобасының арқасында 20 отбасының жағдайы жақсарды

«Әлеуметтік күтуші» жобасының авторы – «Береке-Астана» мүгедектер қауымдастығы» ҚҰ 2020 жылы Қор грантына ие болды. Бұл бастама қазірдің өзінде елордадағы 20 отбасының өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесті.

«Береке-Астана» дамыту және оңалту орталығы көрсететін бала күту қызметін аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған көп балалы және мүгедек балалары бар отбасылардан шыққан әйелдер үшін қолжетімді. Осы санаттағылар үшін орталық қызметі тегін.

«Әлеуметтік күтуші» жұмысына күніне 4 сағатқа дейін қысқа мерзімді бақылау кіреді. Мұнда 1,5 жастағы балалардан бастап қарайды. Бұл уақытта аналар жұмысқа орналасу үшін оқу курстарына қатысып, жұмыс іздеуге, спортпен айналысуға, денсаулығына көңіл бөлуге, құжаттарын рәсімдеуге және т.б. шаруаларын бітіруге мүмкіндік алады.

Мен оқып жүрген кезде балаларыма біреу қарай тұрады деп ойламадым. Бұл – үлкен көмек. Мысалы, мұндай 4 сағаттың ішінде мен секілді басқа да аналар ақша табады, курстарға қатысады. Осы идеяны қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғыс айтамын! Осы жобаның арқасында 1С курсын оқыдым. Бірнеше жеке кәсіпкерге бухгалтерлік тұрғыдан көмектесуге мүмкіндік туды. Табысым артты», – дейді екі баланың анасы Ботагөз Сартбаева.

«Береке-Астана» орталығының базасында бұл қызметті іске асыру мақсатында ойын бөлмелері балалардың дамуына қажетті барлық құрал-жабдықтар бар.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік күтуші» жобасы отбасының тұрмысы мен материалдық жағдайын жақсарту, ата-аналық жүктемені азайту, балалы әйелдерді жұмысқа орналастыру, көп балалы отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларды және бала күтіміне байланысты декретке шыққан әйелдерді қолдауға бағытталған.


Жазира есімді келіншек бұл жоба туралы орталыққа келіп, логопедпен жұмыс істейтін көршісі арқылы білген.

Кіші қызым 2,5 жаста. Балабақшаға кезекте тұрмыз. Отбасында тек жолдасым табыс табады. Әзірге мен бала қарап үйде отырмын. Қызым «Береке-Астана» орталығына қуана келеді, ойнайды, дамиды. Ал мен курьер болып жұмысқа орналастым. Осы жобаның арқасында жарты күн жұмыс істеп, отбасымыздың әл-ауқатын арттырып отырмын, – деді бес баланың анасы Жазира Есенқабыл.

Әрбір ата-ана баласының дамығанын, әлеуметтік ортаға бейімделгенін, дер кезінде сөйлеп, өз бетінше киінгенін қалайды. Бұл үшін оларға өзімен жасты балалар, құрбы-құрдастардың ортасында болу қажет. «Әлеуметтік күтуші» қызметінің болуы мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар үшін өте маңызды.

Айта кетейік, балаларды орталыққа тіркеу «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ және ата-аналар өтініш берген кезде, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы бойынша және т.б. ҮЕҰ арқылы іске асырылады.