Әлеуметтік төлемдерді ұлғайту мен бюджеттен өтемақыларды белгілеуге 1 жарты жылдықта 23 млрд теңге бөлу жоспарланған

Министр мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақыны 10 515 теңгеден 12 025 теңгеге дейін ұлғайту қарастырылғанын еске салды.

"Нәтижесінде 1 шілдеден бастап зейнетақы мен жәрдемақы алушылар үшін базалық әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғайтылумен бірге осы санаттағы адамдарға ағымдағы жылдың І жартысы үшін қосымша өтемақы төленеді, оған 23 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған", -деді ол.

"Осы орайда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 14,4%-ға, 4810 теңгеге дейін ұлғайтылады. Сөйтіп, зейнеткерлер өтемақыны қоса есептегенде ай сайын қосымша 1200 теңге алады", - деді Б. Сұлтанов.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрінің мәліметінше, мүгедектер орта есеппен қосымша 2928 теңге, асыраушысынан айрылған отбасылар - 2666 теңге, жасына қарай жәрдемақы алушылар - 1510 теңге алады.

"Мемлекет басшысының 2007 жылмен салыстырғанда 2012 жылы орташа зейнетақы мөлшерін екі жарым есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін зейнетақы төлемдерін 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеру тетіктері дәйектелу үстінде", - деді министр.

"Бұл бағдарламалар ертең мәжілісте бюджетті талқылау аясында қаралады", - деп қорытындылады бұл талқылауды үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.