Әлеуметтік желіде сүйіктісімен лүпілге немесе суретке ренжісіп келетін клиенттер көп - Анна Құдиярова

Психоаналитик Анна Құдиярова отбасында зорлық-зомбылықтың болуына ер адамды ғана кінәлауға болмайтынын айтады. Яғни әйел адамдар жұдырық ала жүгірмесе де, сөзбен "ұруы" мүмкін. Ал жан жарасы тән жарасына қарағанда әлдеқайда ауыр. Осы орайда, маман отбасылық кикілжіңдерді талдауда әділетті болуға шақырды.

"Қазіргі қоғамда көбінесе ер адам әйеліне зорлық-зомбылық көрсетіп, дауыс көтереді. Тіпті, аяусыз соққыға жығатын кездері де болады. Бірақ осы тұста таяқтың екі ұшы болатынын ұмытпайық. Яғни күйеулерін ұратын келіншектер де бар. Жұдырығын ала жүгірмесе де, нәзік жандылар "тіл" атты қаруларын пайдалануға бейім келеді. Әділетті болу үшін екі жаққа да мін тағып, қатар сынайық. Әрине, бұл ер адам әйелге қол жұмсауға құқылы деген сөз емес", — дейді Анна Құдиярова.

Осы орайда, маман отбасын құрмай тұрып екі жастың арасына түсіп, олардың бір-бірін не үшін сүйетіндерін сұрауды ұсынды. Осы сұраққа жауап алған жағдайда ғана бақытты отбасылардың қатары көбеймек. Мұнымен қатар, психоаналитик жан-жақты психологиялық сауаттылықты көтеруге шақырды. Сондай-ақ, қыз бен жігіттің үйлесімділігін алдын ала анықтап алудың маңызына тоқталды.

"Отбасылық өмір — ғарышқа саяхатпен бірдей"

"Ғарышқа ғарышкерлерді аттандырмас бұрын оларды түрлі психологиялық және өзге тестілеуден өткізеді. Яғни жүздеген адамның ішінен бірнеше ай бірге жүргенде бір-бірімен ұрысып қалмайтын, жұдырық ала жүгірмейтін адамдарды таңдайды. Отбасы дегеніміз де дәл осы секілді саяхат. Ғарышқа саяхат бірнеше айға созылса, өмір мәңгілікке ұласады. Сол себепті, бұл сапарда серігіңмен қаншалықты тату болатыныңды анықтап алу маңызды", — дейді маман.

Әрі қарай Анна Құдиярова бүгінде жас жұбайлардың отбасын құрмас бұрын психологиялық тренингтерге бармайтынына өкініш білдірді. Әзірге өзін Астана және Алматы секілді алып шаһарлардың қос ғашықтары іздеп келеді екен. Өз есебі бойынша, алдына келген 10 жұптың біреуі айырылысып, қалғандары тату болып қалады. Маман осы тренингтен кейін айырылысып кеткен жұпқа бола өзін кінәлі санамайтынын жеткізді. Себебі мұның тойға несие алмай, арада бала болмай жатып болғаны жақсы.

Сондай-ақ, психоаналитик тренинг барысы қалай өтетінін түсіндірді: бірнеше күн бойы маман екі жаспен өздерінің тәрбие алған отбасылары туралы сөйлеседі. Айтуынша, отбасында зорлық-зомбылықтың не екенін көріп өскен бала бейсаналы деңгейде оны ертең өзі құрған шаңыраққа алып келеді. Ал тату-тәтті отбасында өскен бала керісінше өзіне дауыс көтерген адамды қабылдай алмайды.

"Махаббаттың буымен байқалмайды"

Іштей "Менің ата-анам бұлай жасамайтын еді. Ол маған неге дауыс көтеріп жатыр? Сонда мені жақсы көрмей ме?" деп ойлауы мүмкін. Бастапқыда мұның барлығы махаббаттың буымен байқалмайды. Кейін қалыпты тіршілік басталған кезде жұбайлар бір-біріне талап қояды. Тіпті, дастарқан басында отырып шайға бола ұрсысып кетулері мүмкін. Осы орайда, кез келген адам "Менің әке-шешем ит пен мысық болып өмір сүрсе де, менің отбасымда бақыт болады" деп өздеріне уәде беруі тиіс", — дейді психоаналитик.

Анна Құдиярова дәл қазір сүйіктісіне бостандық бермеген қыз болсын, жігіт болсын, оны кейін де бермейтінін айтады. Керісінше заңды қағазға қол жеткізген соң бірі екіншісін "өмірлік түрмеге" отырғызады. Бүгінгі таңда жастардың өмірі тікелей әлеуметтік желімен байланысты болғандықтан, сүйіктісімен лүпілге немесе суретке ренжісіп келетін клиенттер көп екен. Маман жастар арасындағы бұл қызғаныштың астарында не жатқанын түсіндірді.

"Қызғаныштың астарында гомосексуализм жатыр"

"Біріншіден, адам өзін сүйіктісінен төмен қойған кезде қызғанады. Екіншіден, бейсаналы гомосексуализмге бейім болған жағдайда маза бермейді. Мысалы, бір жігіт қызын қызғанып, одан қызғаныш отын тудырған адам туралы сұрай берді делік. Бұл жерде бейсаналы бір жігіт екіншісіне қызығушылық танытып отыр. Мұндайда жастардың айырылысқаны жөн. Егер адамның психологиялық денсаулығы жақсы болса, ол сүйіктісіне өзгелердің қызыға қарайтынына тек қуанады. Өйткені сүйіктісі көптеген адамның ішінен өзін таңдап алып отыр", — деді маман.


Күйеуінен таяқ жеп, оны осы жағдайға итермелеген өзі екенін білсе де, бұл әдетінен арыла алмай жүрген әйел Анна Құдияроваға келіп тренингке қатысқан. Тренинг соңында әлгі әйелдің балалық шағында көп қиындық көргені анықталады. Яғни келіншек дәл қазір өзінің анасының әрекеттерін қайталап жүр. Ал енесі мен күйеуі бұл ситуацияда кінәсіз.

"Жігіт анасынан ала алмаған өшті әйелінен алады"

Әйелдерден бөлек психоаналитикке өз айыбын мойындап келетін ер адамдар да бар. 27 мен 40 жас аралығындағы үш азамат өздерінің әйелге қол көтеру әдетінен арыла алмай жүргенін айтады. Тіпті, өздерінің хайуан дәрежесіне түскенін мойындаған. Олардың бірінің әйелі де тренингке қатысады. Кейін бар мәселе ер азаматтың өзінде екені белгілі болады. Бала күнінде жігіттің әке-шешесі ажырасып кетеді. Баланы әкесі бай болғандықтан, өзіне алып қалған. Артынша балаға "Сені анаң тастап кеткен, ол жаман" сынды әңгімелер айтқан. Осыдан кейін жігіт анасынан ала алмаған өшін әйелінен алған. Мұның барлығы бейсаналы деңгейде жүзеге асады.

Сондай-ақ, Анна Мергенбайқызы жұбайлар арасында психологиялық үйлесімділік болмаған кезде олардың бедеулікке шалдығуы мүмкін екеніне тоқталды.

"Психологиялық үйлесімділіктің қаншалықты маңызды екеніне келесі мысалды келтіргім келіп отыр. Отбасында бірінші бала дүниеге келгенімен, екіншісі жоқ. Мұның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Әдетте бірінші баланы ғашықтар асығыс, махаббатқа беріліп жүріп табады. Кейін отбасылық өмірде ер адамның мінезі өзгеріп, дауыс та, қол да көтере бастайды. Дәл осындай агрессор азаматтан әйелдің дүниеге сәби әкелгісі келмейтіні анық. Бір клиентімнің алғашқы отасқан жылдары келіншегінен де, қайын жұртынан да көңілі қалған.

Бұл туыстарында бар аурулармен байланысты. Яғни бірі шизофренияға шалдықса, екіншісі — мылқау, үшіншісінің көзі көрмейді. Қыз бен жігіт болып жүріп жүрген кезде ер адам мұны білмей балалы болады. Ал кейін "Менің де балаларым осындай кемтар болуы мүмкін. Маған ауру бала керек емес" деп бас тартады. Бұл да — бейсаналы процесс. Яғни адам саналы деңгейде бұл себепті білмеуі мүмкін. Сол себепті жастар арасында психологиялық үйлесімділіктің болуы маңызды", — дейді психоаналитик.

Сөз соңында маман қазақстандық жастардың отбасын құрмай тұрып 20-100 сағат психологиялық тренингтен өткендерін армандайтынын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев VIII азаматтық форум кезінде ажырасудың өзекті проблемаға айналып отырғанына тоқталды. Себебі, статистикалық мәліметтер бойынша, 1 500 шаңырақтың 25-30%-і ажырасып жатыр. Президент мұның себебі мектептерде қыз бен жігіттің физиологиялық жетілуіне және қарым-қатынасына қатысты пәндердің жоқтығы екенін атап өтті.

"Қалай жүкті болады? Одан не шығады? Біз, қазақтар, осы нәрседен ұяламыз. Мұны ұят деп жүргенде, кейін нағыз ұяттың көкесіне тап боламыз. Сол себепті мұны мектеп бағдарламасына енгізіп, психологияны өзгертуіміз қажет. Ешқандай да ұят емес болғандықтан, осы нәрсеге назар аударып отырмын", — деді Елбасы.