Әлеуметтік желілерде «экологпыз» деп кеуде соғатын эко-белсенділердің көбі үлкен мекемелерден қаражат алады - Азаматхан Әміртаев

Кейінгі жылдары әлемде ғана емес, елімізде де орны толмас табиғи апаттардың жиі болуы экологиялық ахуалдың мәз еместігін көрсетті. Мұның себебі неде? Өткеннен қандай сабақ алуымыз керек? Сіз бен біз өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаны қалай қорғай аламыз? Бұл салада мемлекеттік бағдарламалар қандай нәтиже көрсетуде? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды Caravan.kz медиа порталының тілшісі эколог, "Байтақ" Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевқа қойып көрген еді.  

- Эколог маман ретінде еліміздегі, оның ішінде Алматы, Астана секілді үлкен қалалардағы қазіргі экологиялық ахуалды қалай бағалайсыз?

Алматы, Астана халық саны күн санап өсіп жатқан қалалар. Алматыда 2 миллион халық тұрса, Астана халқының саны 1 миллионнан асты. Бұл қалалардағы ең үлкен мәселе – көмір. Қаладағы жеке үйлер, жылу электр станциялары көмір пайдаланады. Көмірден ауаға зиянды заттар өте көп мөлшерде түседі.  Соның әсерінен ауадағы атмосфералық өзгерістер адам денсаулығына кері әсер етеді. Екіншіден, автокөлік мәселелері. Қарапайым тілмен айтқанда, біздегі бензиннің ең нашар түрімен жүретін ең ескі көліктер экологиялық ахуалға зиянын тигізуде. Қалалық жерлерде ауаның ластануына 70% автокөліктер әсер етеді. Үшіншіден, түрлі қалдықтар. Медициналық, құрылыс жалпы кез-келген қалдықтар өртеніп, жағымсыз иіс қалаға келеді. Осындай факторлардың әсерінен ауа сапасы нашарлап жатыр. Ертеректе Алматы жап-жасыл қала еді, қазір қарқынды құрылыс салдарынан ағаштардың да саны едәуір азайды. Ағаш азайғаннан кейін экологиялық баланс та өзгеріске ұшырады. Ауадағы зиянды көміртекті сіңіріп алатын ағаштар жеткіліксіз. Сондықтан үлкен қалаларды  көгалдандыру мәселесін қолға алу керек. Бізде тұрмыстық қалдықтар әлі күнге дейін қайта өңделмей келеді. Әлемде қалдықсыз, қайта өңдеу өндірісін жолға қоюдың үлгісі көп. Бізде қалдықсыз қоғамға көшуіміз керек.

- Кәсіби маман ретінде қоршаған ортаны қорғаудың қарапайым бірақ негізгі қағидаларымен бөліссеңіз.

Өзіміз өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны қорғаудың ең негізгі қағидасы – тазалық. Ауаның, судың, жердің тазалығы. Әр адам күнделікті тұрмыстық қоқысты, қалдықтарды сұраптаса, сол қоқыстарды қайта өңдейтін арнайы мекемелдердің алып кетуін қадағаласа еліміздің экологиялық жағдайына оң әсер ете аламыз. Ауыз суды үнемдеуіміз керек. Болашақта пайдаланған суды қайта пайдалануға жарамды ететіндей технологияларды іске қосуымыз қажет. Су тапшылығын шешетін басқа жол жоқ.

- Қоршаған ортаны қорғау жолында  мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың рөліне тоқталсаңыз.

Табиғатты, қоршаған ортаны қорғауда мемлекеттің позициясы қоғамнан жоғары тұрады. Қоғамдық ұйымдардың беделі мүлде жоқ деуге болады, тек митинг кезінде айқай-шумен ғана дауыстары естіледі. Басқа уақытта мемлекеттік мекемелер оларды тыңдамақ түгілі ғимараттарына да кіргізбейді. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық ұйымдардың рөлі өте әлсіз болып тұр. Әлсіз деген сөз олардың кәсіби деңдейіне байланысты айтылып тұрған жоқ. Заң тұрғысынан қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік қызметкерлерден төмен тұратынына байланысты айтып отырмын. Мемлекеттік мекемелердің, қызметкерлердің оларды жақындатпайтыны да содан. Сол қоғамдық ұйымдардың күшін арттырып, беделін күшейту үшін біздің партия жұмыс істеу керек. Партияның ішінен мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, алаңдар құрылу керек.

- Елдегі негізгі экологиялық мәселелерді шешуде мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан қандай бағдарламаны «нәтижелі» деп атай аласыз.

Министрлікте ең соңғы үлгідегі лабороториялық құрылғылар болу керек. Бізде экологиялық медицина деген мүлдем жоқ. Экологиялық медицина адамдар қандай да бір дертке шалдыққан кезде сол ауруға әсер еткен экологиялық факторларды зерттейді. Бұл сала Қазақстанда атымен жоқ. Сәйкесінше, біз әлі күнге дейін экологияның адам денсаулығына, генетикаға әсерін әлі күнге дейін зерттей алмай отырмыз. Экологияны ғылым ретінде жоғалтып алдық. Әлеуметтік желілерде «экологпыз» деп кеуде соғып, ұйым ашып алған эко-белсенділердің көбі үлкен мекемелерден қаражат алады. Ол ұйымдар түрлі үлкен мекемелердің тапсырыстарын орындап ақша табуды негізгі мақсатқа айналдырған.  Ал ондай  ұйымдарға сенім жоқ. Себебі, қоршаған ортаны қорғайтын адамдар тәуелсіз әрі өз принципіне адал болу керек.

- Эколог Мэлс Елеусізов сұхбаттарының бірінде «Жақын арада Алматыда 12 баллдық жер сілкінісі болады»  деді. Әріптесіңіздің бұл пікірімен қаншалықты келісесіз?

Кез келген тұжырымға ғылыми негіз керек. Мэлс Елеусізов қартайды ғой, мүмкін түнде түс көретін шығар. Өзі Алматыда тұратын болғасын қорқатын да болу керек. Ғылыми негізде Алматыда 12 баллдық жер сілкінісі болады деген ақпарат жоқ. Алматы қаласы сейсмоқауіпті аймақта орналасқанын барлығымыз білеміз. Сондықтан тұрғын үйлердің арихитектурасын қайта қарап шығу керек. Бұл туралы біз талай мәрте айттық. 30 жылда Алматы қаласында үйлер ретсіз салынды. Сондықтан қазір Алматы қаласы өте қиын жағдайда. Бұл мәселені қазірден бақылауға алмаса, ерптең не боларын елестетудің өзі түсініксіз. Ең бастысы, қаланың архитектурасын дұрыс жасау керек. Осы бағытта «Байтақ» Жасылдар партиясының Алматы қаласындағы филиалының басшысы Асқар Иманәлиевтің жобасы бар. Қаланы көлденеңнен, яғни Талғар, Қонаевқа қарай өсіріп, спутникті қалалар салу қажет. Сол арқылы тығыздықты азайтып, жер сілкінісіне шыдай алмайтын үйлерді бұзып, солардың орнына саябақтар салу қажет.

- Абай облысындағы өрт экономика үшін ғана емес, экология саласы үшін де орны толмас апат болды .  Бұл оқиғадан мемлекет қандай сабақ алу керек?

Мен Семейдегі өрттің алдында, сол жаққа іс-сапармен барып,  барлық жағдайды өз көзіммен көріп, өрт болу қаупі барып түсіндім. Содан соң Семей орманының өзім көрген жағдайын 22 сәуірде Парламентте айтқан едім. Тез арада бақылауға алуға үкіметке депутаттық сауал жібердік. Алайда, үкімет те, экология министрі де ешқандай әрекет жасамады. 60 мың гектар орман өртенді. Экономикаға өте үлкен шығын болды. Орманды қайта қалпына келтіру де ұзақ уақыт пен миллиардтаған  қаржыны талап етеді. Енді Семейдегі жағдай өзге ормандарда қайталанбау үшін өртке қарсы дрондар орнатуымыз керек.  

- Өзіңіз төрағалық ететін «Байтақ» Жасылдар партиясының негізгі идеясы мен бағыты - табиғатты қорғау, экологиялық мәселелермен күресу екенін көпшілік жақсы біледі. Бүгінде партия айналысып жатқан негізгі экологиялық сұрақтар мен мәселелерге тоқталсаңыз.

Байтақ партиясының 20 өңірде филиалы бар. Әр филиалымызда қоғамдық талқылауды, партияның белсенді мүшелер санын көбейтіп жатырмыз. Бүгінгі таңда партияның алға қойып отырған негізгі мақсаттарының бірі – көгалдандыру. Президентіміз айтқандай, 2 миллиард ағаш отырғызуымыз керек. Сол ағаштарды отырғызу үшін бізге ағаштарды өсіретін арнайы орын керек. Біз қазір Алматы қаласы маңынан 63 гектарға арнайы өсімдік өсіретін орын ашып жатырмыз. Осындай арнайы орындарды еліміздің барлық өңірінен ашсақ дейміз. Одан бөлек, Алматы қаласындағы «Биология және биотехнология институтымен» бірігіп ғылыми бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сол ғылыми жұмыстардың негізінде біздің жерімізге сіңімді, табиғатымызға қолайлы ағаштардың түрін анықтап, оларды дайындаумен айналысып жатырмыз. Елімізді түгел орманға айналдырсақ дейміз. Әрине, оған ұзақ уақыт керек. Бірақ ұрпағымыздың таза ауада өмір сүруі – біздің басты мақсатымыз.

Келесі айналысып жатқан бағытымыз – қалдықтар. Нақтырақ айтсам, тұрмыстық, өндірістік, медициналық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл бағыт бойынша арнайы жобамыз да бар. Мысалы, бізде медициналық мекемелерде қалдықтарды қызметкерлер қолдарымен жинап жүреді. Бұл – дұрыс емес, экологиялық стандартқа жатпайды. Бұл бір ғана мысал. Ал, өндірістік қалдықтар да өз алдына үлкен мәселе.

Үшінші мәселе – ЖЭС. Еліміздегі жылу электр станциялары Кеңес Одағы кезінде салынған, барлығының  тозығы жеткен. Сондықтан біз жасыл энергияны, жасыл технологияны қалыптастыратын ЖЭС-тарды қарастырып жатырмыз.  Осы бағыт бойынша инвесторларды да таптық. Бірақ, бұл бағыт бойынша өзара коммерциялық құпияға байланысты толық ақпарат бере алмаймын. Мини атом электр станциясы деген де бар. Ол өте қауіпсіз. Дамыған елдер мини атом электр станциясын қаланың ішіне қойып жатыр.  Мысалы, көмір, мазут секілді зиянды отындарды пайдаланғандықтан  Теміртауда ауа лас. Осы мәселеден шығудың бір жолы – мини атом электр станциясын қою. Қазір бұл жобалар зерттелу үстінде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС мәселесіне қатысты референдум өтетінін айтты. Сол референдумның нәтижесіне қараймыз. Дегенмен, біз міндетті түрде қалдықсыз, ауаға зиянын тигізбейтін энергия көзін табуымыз керек.

Әңгімеңізге рақмет!