Алғашқы сотта Мұрат Оспанов судьямен сөзге келді

Астанадағы ауданаралық сотта жемқорлықпен ұсталған талай шенеуніктің тағдыры шешілген. Кезек,«ірі көлемде пара алды» деп айыпталған Оспановқа да жетті. Бұл оның ісіне қатысты алғашқы отырыс. Процесс жартылай жабық өтті деуге болады. Залға тілшілер кіргізілгенімен, судья Оспановты таспаға түсіруге қатаң тыйым салды. Ттіпті куәгерлердің айтқандарын жариялауға да рұқсат жоқ.

-Залда тыныштық орнасын. Әйтпесе, шығарып жіберемін қазір.

Оспановта бұған дейінгі істі болған әріптестері сынды жұрттың бетіне тік қарай алмады. Міне, экс-шенеунік камераға түсіп қалмау үшін жүзін қолымен жасырып әлек. 4 айын тергеу изоляторында өткізген Оспанов әжептеуір әбіржіп қалыпты: шашына аздап ақ түскен, өңі жүдеу. Бірақ, бұған бола прокурор Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасын аяп қалмады. Бар былығын жіпке тізгендей баяндап берді.

Сандуғаш Рысбаева, прокурор:

-Оспанов Атыраудағы электр энергиясының тарифін  көтеру үшін «Атырау-Жарық» мекемесінің өкілдерінен 100 мың доллар алған. Кейін 200 мың доллар параны тағы талап еткені анықталды. Оспанов мекеме өкілдерінен алғашқы ауызбастырықты биыл 30 мамырда, қалғанын 28 маусымда сенімді адамдары арқылы алған.

Дәл осы «Атырау-Жарық» мекемесінің өкілі, Оспановпен келісімді жүргізген Арман Ақтайдың өзі де мемлекеттік қызметке қарсы әрекет еткені үшін айыпталуда. Ақтай прокурордың айтқандарын бірден ұқты, ал Оспанов болса, кінәсін мүлдем мойындамай, тіпті судьямен салғыласуға дейін барды.


Ербол Рақымбеков, судья:

-Сізді қылмыс жасады деп айыптап жатқанын білесіз бе?

-Қандай айғақпен екенін түсінбей отырмын

-Сұраққа жауап беріңіз?

-Оспанов, соңына дейін тыңдаңызшы, өтінемін.

-Түсінем, қобалжып отырсыз...

Ербол Рақымбеков - жуырда ғана Ауыл шаруашылығы вице-министрі Өміраевты 10 жылға абақтыға аттандырған судья. Ал, бүгін Оспанов ісіне қатысты бірнеше куәгерлер де түсінік берді. Судья экс-шенеунікке ақша тасыған жігіттердің де айтқанын жариялауға рұқсат етпеді. Жалпы, Қаржы полициясы Мұрат Оспановты биыл шілдеде 200 мың доллар пара алды дегене күдікпен ұстаған еді. Кейін тағы 100 мың доллар алғаны анықталған.

-Оспановтың өзі мұнша пара алғанын мүлдем мойындаған емес. «Ақшаны ұлымның үйлену тойын өткізу үшін қарызға алдым» деп ақталып келеді. Экс-шенеунік түрмеде де тыныш жатқан жоқ. Абақтыдан қашпақ болды деген де ақпарат тараған. Атқамінердің өзі керісінше, «абақтыдағылар ұрып-соқты» деп шағымданғаны есте. Оспановтың ісіне бүгін-ертең нүкте қойылмасы анық. Ондаған томға арқау болған қылмыстық іс әлі біраз уақыт қаралатын түрі бар.