Әлихан Бөкейханға туған өлкесінен ықшамауданның аты да берілмей жатыр

Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойында өңір басшысының қаладағы ықшамауданға ұлт көсемінің есімі беріледі деген сөзінен кейін елдің төбесі көкке жете қуанған еді, деп хабарлайды 31 телеарна. Бірақ әкімнің уәдесінен бері жарты жыл өтсе де, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Тіпті, осы уәдесін орындамағанын азаматтар әкімнің бетіне тік айтты.

"Сіз бір ауданның аты беріледі деп уәде еткенсіз. Ал одан бері бір жыл өтті" деді қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов.

Жауаптылар Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхановтың есіміне ауыстыру жұмыстары тоқтамады дейді. Шенеуніктер 225 мың халқы бар шағын ауданның атын өзгерту үшін қанша шығын кететінін санап жатқандарын айтады. Өйткені Октябрь ауданының әкімшілігі, прокуратурасы мен полиция бөлімі секілді мемлекеттік мекемелер мөрі мен құжатын бюджеттің ақшасына ауыстырады екен.

"Бүгін жай жергілікті халық оған ешқандай шығын шықпайды. Енді кейбір бірқатар заңды тұлғалар өздерінің құжаттарын ауыстыруға ақша шығарады. Бүгінгі күні бізде сол сұрақ қарастырылып жатыр" Қарағанды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаева.


Бірақ Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов атындағы аудан жуық арада да пайда болмайтынын шенеунік сөзінің бірінде айтып қалды. Жауаптылар жылдың соңына дейін бір шешім болса, соған да қуанар едік дейді. Бірақ қандай шешім екенін әзірге айтпады.