Алкогольді сату құқығы үшін салынатын лицензиялық алымды саралау керек - ҰКП

Бұл туралы бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің хатшысы Юрий Тілеумұратов мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде алкоголь өнімдерін сату құқығына лицензиялық жыл сайынғы алым енгізілген болатын. «Біздің ойымызша, бұл соншалықты тиімді норма болмай шықты. Осының салдарынан былтырғы жылдың желтоқсанына қарай, салық органдарының мәліметіне қарағанда, үш мыңға тарта кәсіпкер өздерінің лицензияларын тапсырып тастаған, ал биылғы жылдың қаңтар айынан бастап алым түрінде енгізілген бұл 100 айлық есептік көрсеткішті, шамамен 200 мың теңгені құрайтын лицензиялық алым бөлшек сауда саласындағы шағын бизнеске айтарлықтай нұқсан келтірді», - деп санайды Ю.Тілеумұратов.

Оның айтуына қарағанда, кәсіпкерлер палатасы осы мәселеге қатысты ұсыныс енгізіп, оны Мәжіліске жолдаған. Онда бұл саладағы патент бойынша арнайы салық режімін қолданатын және оңайлатылған декларация тапсыратын шағын бизнес субъектілеріне аталған алымды алып тастау ұсынылып отыр. 

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай алымды елді мекендердің түрлеріне қарай емес, кәсіпкерлік субъектісінің көлеміне қарай сараландырып енгізу керек деп санайды», - деді комитет хатшысы. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жалпыға ортақ бекітілген салық режіміне өткен кәсіпкерлік субъектілері үшін салықты уақытша төмендетуді ұсынады. Бұл туралы бүгін шағын бизнес және сауда комитеттерінің бірлескен отырысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ШОБ дамыту комитетінің хатшысы Юрий Тілеумұратов мәлім етті. 

«Біз қазіргі күні критерийлерді көтеру себебі бойынша жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режімінен жалпыға ортақ салық режіміне өткен субъектілер үшін салық жүктемесін азайту туралы ұсынысты әзірлеп жатырмыз.

Бұл жерде әңгіме санына, не болмаса табысына, не болмаса осы екеуіне де қатысты жалпыға ортақ салық режиміне өткендер туралы болып отыр. Осылар үшін салықтық және бухгалтерлік есеп жөніндегі міндетті үдерістерді енгізуден бөлек, салық жүктемесі де күрт өсті. Біз салық жүктемесінің 5-7 есеге артқанын есептеп отырмыз», - деді Юрий Тілеумұратов.

Оның айтуына қарағанда, кәсіпкерлік субъектілерінің жоғарыда аталған санаты үшін белгілі бір мерзімге ғана корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын, сондай-ақ әлеуметтік салықты төмендету ұсынылады.