Чемпиондармен бірге түскен фотоларын салып, мақтанып жатқандардыкі - саясат, нағыз саясат соларда, деп жазды заңгер Ляззат Ахатова өзінің фейсбук парақшасында. Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
"Қаңтарда төгілген абыройды ел алдында осылай көтереміз деген айлалары. Елдоста тұрған ештеңе жоқ. Ол тек спорттағы жетістігінен басқаны ойламайды. Мемлекетті төңкергісі келгендердің қатарында болған болса, дәл бұлай жүрмес еді деп ойлаймын.
Ауылдан шыққан қарапайым бала, талантың тасып жатса да, қолдау, сүйеу болмаса, бізде ешкімнің көтеріле алмайтыны өтірік пе? Кезінде атақтары жер жарған ағалары жақын тартып, демеп жіберген шығар. Ондай демеусіз біздің бюрократтар есігінен де қаратпайтынын бала да біледі. Олардың түпкі мақсатын қайдан білсін? Бастысы олардың Қаңтарға қатысы жоқ, мемлекетіне, еліне ниеті түзу, адал. Ал діни наным-сеніміне ешкім пәлен дей алмайды. Конституциялық құқықтары. Кезінде солай қалыптасып кеткен шығар. Алла деп, намаз оқығанның бәрі радикал емес. Елдосты өмірімде көрген емеспін, танымаймын. Ол да мен сияқты адамның бұл өмірде бар-жоғынан бейхабар. Бірақ мынадай бықсық әңгімені тоқтатыңыздар. Көңілі көкте қалқып, елім деген азаматтың жүрегіне қаяу салмаңыздар.
Спорт - еңбек, қажыр, маңдай тер, төзім! Олар бұл жетістікке сол ащы терлері мен ерен еңбектерінің арқасында жетіп отыр. Діндегі ағаларының емес. “Талант бар, таныс жоқ” дейтіндей, бойындағы бар талантын көзге іліп, үлкен додаға түсу үшін де таныс керек, жемқорлық жайлаған елде туып-өскеніне олар кінәлі емес. Ол жолға жету де оңай дүние емес.
Ал жеткен соң, күллі қазағының мерейін өсіріп, әлем алдында Туын көкте қалықтатты. Соны жасау үшін тынбай еңбек етіп, жол іздеп, тауып, осы нәтижеге жеткен Ұлдан айналдық! Қазақтың қуанғанын да көп көрмеңіздерші, бәрінен ілік іздеп, сұмдық “саясаткер” боп...", - деп жазды ол.