"Аллаху әкбар!": Қарағандыда жүздеген адам ЛГБТ өкілдері өткізетін тренингке қарсы шықты

Қарағанды қаласында жүздеген адам бизнес орталықтың алдына жиналып, ЛГБТ қауымдастығы өткізген тренингке наразылық білдірді, деп хабарлайды,Caravan.kz  медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға орнынан түсірілген видеодан арнайы жасақтың ғимаратты қоршауға алғанын көруге болады.

Ер адамдар: "Сыртқа шығарып тастаңдар! Аллаху әкбар!", - деп айқайлайды. Ал полиция қызметкерлері дауыс зорайтқыш арқылы оларды сабырға шақырады. Одан кейін ғимараттан бірнеше адам шығып, көлікке отыра бастады. Осы кезде жиналғандар одан да қатты айқайлайды. "Міне, жігіттер! Бәрі шықты! Енді сабыр етіңдер! Болды енді", - дейді полицейлер.

Айта кетсек, 28 шілде күні Қарағандыға ЛГБТ қауымдастығының өкілдері келген. Олар Абай көшесінде орналасқан бизнес орталықта кабинет жалдап, тренинг өткізбекші болыпты. Бірақ оны естіген жергілікті тұрғындар наразылық білдіріп, тренингті тоқтатуды талап етті. Ал тәртіп сақшылары жағдайды ушықтырмау үшін арнайы жасақтың көмегімен ғимаратты қоршауға алды. Сосын ЛГБТ өкілдерін көлікке отырғызып, қауіпсіз жерге шығарды.


Қазіргі кезде қауымдастықтың белсенді өкілдері Қарағанды облысынан кетіп қалған.