"Алма-Ата сөзі әулиенің мазарын меңзейді": Белсенділердің Алматы атауын өзгерту үшін қол жинап жатқаны рас па?

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ербол Алшынбайдың фейсбук желісіндегі жеке парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Әлеуметтік желіден белсенділердің Алматы атауын Алма-Атаға ауыстыру үшін қол жинап жатқанын оқыдым. Олардың уәжіне сенсек, қазақ тілінде "ты" жұрнағы жоқ екен. Осы мәселеге байланысты, ойымды баяғыдан айтқым келіп жүр еді.

Ең алдымен қала болмас бұрын "Алматы" атауы бар болатын. Себебі, ол - өзеннің аты. Алма өзені немесе екі жағасына сыңсып алма өскен өзен. Қала атауы осыған байланысты қойылған. Себебі, қазақ даласында Сілеті, Шідерді, Өлеңті, Бұланты, Мойынты, Бұғыты атауларының бәрі өзеннің аттары.

Сонымен бірге, бұл атаулардың бәрі де түркі кезеңіне кететін өте ескі атаулар. Ол аз десеңіз, Қаланың Алматы атауы біздің заманымыздың ХІІІ ғасырына жататын күміс дирхейінде (тиын) жазылған.
Алма-Ата деген атауға келсек, нағыз тіл бұзар сөз осы болмақ. Себебі, қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес екі дауысты дыбыс қатар келгенде, біреуі түсіп қалады. Сонда бұл сөз Алма-та болып айтылады.
"Қазақ тілінде "ты" жұрнағы жоқ" деген уәж жаңсақ пікір, шала пайым. Академик Бартольд "Алма" сөзі жемістің түрікше атауы екенін, "ты" жалғауы моңғол-түркі тілдерінде мекенді айтатынын көрсеткен. Мағынасы "Алмалы жер" дегенді білдіреді. Академик бұл жердің XVI ғасырда-ақ жазбаша да, ауызша да "Алматы" деп аталғанын баяғыда-ақ айтқан. Тіпті, ол "Кейінірек Верный пайда болған кезде де, жергілікті халық оны "Алматы" деп атай берген. Ал, "Алма-Ата" атауы төңкерістен кейін ғана пайда болған. "ты" жалғауының мағынасын білмеген немесе "Алматы" сөзін қате деп білген сияқты. "Алма-Ата" сөзі бұл жерде ешқашан болмаған бір әулиенің мазарын меңзейді", — деп жазған. Академик бұл қортындысын 1927 жылы жасаған. Осы талпыныс азаматтардың мәдени жігінің тым тереңдеп кеткенін де көрсеткендей. Бұл қауіпті тендеция.
Мен осы бастаманы көтерген азаматтардың мақсаты не екенін білмеймін. Бірақ, бұл қазақша айтқанда "өнбейтін дау". "Өспейтін елдің баласы, өнбейтін дауды қуады" дейді атам қазақ", деп жазды автор.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында Алматының атын өзгерту және Алма-ата атауын қалаға қайтару туралы сұраққа жауап берді.


«Неге қазір барлық құжаттарды қайта жасап, шешім қабылдаймыз. Алматы қазақтілділерге қолайлырақ. Алма-Ата орыстілділерге ыңғайлы. Сондықтан Алматы атауы ресми түрде қала береді. Ал қаланың өзі тұрғындарға ыңғайлы болғандықтан және қаламызға сырттан жылы қарайтындар осылай аталады. Түптеп келгенде, қытайлар астанасын Байцзин деп атайды, ал біз Пекин деп атаймыз. Әйтеуір, тарихи түрде солай болды», деді Президент.