Алматы әкімдігі бала сүйе алмаған 300 отбасының ЭКО жасатуына қаражат бөлді

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыны 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласы мен медициналық туризмді дамыту үшін кешенді шаралар атқарылатынын айтты.

"Бүгінгі таңда Алматы медицина саласында жұмыс істейтін отандық және шетелдік инвесторларға тартымды қалалардың көшін бастап отыр. Осы Репродуктивті медицина институты ашып отырған клиника сөзімнің дәлелі, яғни шаһарда медициналық туризм дамып келеді", - деді ол.

Аталған клиника жылына 3 мың отбасыны қабылдай алады. Алайда, жасанды ұрықтандыру әдісінің қымбат болуынан көпшіліктің оған қолы жете бермейді. Мәселен, ақшаның жоқтығынан алматылық 300 отбасы бірнеше жылдан бері кезегін күтіп отыр.

Мұны естіген Бауыржан Байбек қала бюджетінің есебінен аталған 300 отбасыға қаражат бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, әкім ЭКСО әдісі арқылы жүкті болған әйелдерге арнап бөлек перзентхана салу керектігін айтып, ол үшін жер бөлуге уәде берді.

Клиника заманауи қондырғылармен жабдықталған. Репродуктивті медицина институты директоры Тамара Жүсібәлиеваның айтуынша, клиника көрсететін медициналық қызметтер шетелдікінен еш кем түспейді, бағасы да аса қымбат емес. Ал, дәрігерлердің біліктілігі мен Қазақстан заңдарының қолайлы болуы шетелдік туристердің ағылып келуіне жағдай жасмамақ.


Мәселен, соңғы екі жылда Алматыға Түркиядан, Қытайдан, Германия мен Ресейден емделу үшін келетін науқастардың саны артқан. Ал, Репродуктивті медицина институтына бір ғана АҚШ-тан 75 адам келіпті. Солардың бірі 43 жастағы Вера Смифф. Ол бұған дейін ЭКСО арқылы 3 рет бала көтермек болған екен. Алайда, барлығы да сәтсіз аяқталған. АҚШ-та қызметтің осынау түрі 20 мың доллар тұратынын айта кету керек. Ал, қазақстандық дәрігерлер оның бала көтеруіне көмектесіпті. 

"Мен Қазақстанға келіп жүкті болдым. Бақыттан басым айналып, көзіме жас келеді. Менің ойымша, Қазақстандағы, оның ішінде Алматыдағы медициналық туризмнің болашағы өте зор. Көрсетілетін қызмет түрінің бағалары АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бұл саланың дамуы үшін қазақстандық дәрігерлердің де біліктілігі мен тәжірибесі жетерлік. Жалпы, Алматы қаласы өте ұнады, қазақтың тағамдары өте дәмді екен. Өмір сүруге өте қолайлы қала", - дейді Вера Смифф.

Клиникада бүгінде 60 қызметкер жұмыс істейді. Ал, орталықтың мақтанышы - гинеколог-репродуктолог Ләззат Айтқожина. Ол шарана пайда болған кезден-ақ генетикалық ауруларды анықтай алатын аса білікті маман.