Астанаға келуді жиілеткен Ахметжан Есімов бүгін күтпеген жерден ағынан жарылды. 645 мың теңге жалақы алатын әкімнің Алматыда жеке баспанасы жоқ екен. Сондықтан әйелінің атына жазылған үйде тұратынын айтып тілшілерді таңғалдырды. Бірақ сырын айтамын деп шынын айтып қойған Есімов Астананың элиталы ауданында зәулім коттеджі барын мойындап қойды. Баспасөз мәслихатында әкім Алматыдағы қызтекелер жиналатын түнгі клубтар жайында да жауап беруге мәжбүр болды.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
- Сіз бен біз оны түсінбейміз. Әсіресе, біздің ұлт. Дегенмен оны жоқ деп айтуға болмайды. Тәрбие жұмысын балабақшадан бастау керек шығар. Енді соған тартып тұрса не істейміз енді кейбір азаматтарды.
Соңғы уақытта қылмыс, атыс-шабыс, алапат өртпен аты шыққан алып шаһардың басшысы алдағы жоспарымен де бөлісуді ұмытқан жоқ. Ол 1 жарым млнға жуық халқы бар ірі мегаполисті жарқын болашақ күтіп тұр деп сендірді. Ал отқа оранған «Барахолка» базарына қатысты сұрақ қойылғанда әкім ашуланып сала берді. Бұл дау Есімовты мезі етсе керек.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
- Барахолканың құрылтайшылары Астанада отыр. Өте танымал адамдар. Олар ақпарат құралдары арқылы халықты көшеге шығарып әкімдікке қарсы жұмыстарын доғармаса, мен базар қожайындарының аты-жөндерін жариялауға мәжбүр болам. Ал Барахолканы қалай да тәртіпке келтіреміз.
Екі сағат бойы есеп берген әкім сөзінің соңында ән айтып беруге оқталған. Бірақ соңғы сәтте айнып қалды...
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
- Мына жерде ән айту деген кішкене ыңғайсыз болар енді, басқа жерде айтып берейін. Алматыда айтып берейін сіздерге.