Алматы әкімі «Оңай» төңірегіндегі дауға қылмыстық топтарды кінәлады

Алматының мәселесін Арқа төсінде жайып салған Бауыржан Байбек алдымен әр саладағы жетістіктерін жіпке тізді. Айтуынша, жалпы өнім былтыр 8  трлн. теңгеден асып, ел қазынасына 1 жарым трлн. теңге құйған. Тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау үшін 7 бағыт айқындалып, жұмыстар жүргізілуде екен.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

-Дүниежүзілік банктің «Doing biznes» деген рейтингі бар. Қазақстанда кәсіпкерлерге қандай жағдай жасалған, сол бойынша бағалайды. Ол Алматы бойынша саналады. Дүниежүзілік банктің 10 көрсеткіші бойынша, бесеуінен біз ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіріп отырмыз.

Одан бөлек, бюджетті үнемдеудің арқасында 30 миллиард  теңге пайда түсіпті. Енді әкім осы қаржының бір бөлігін балабақша ақысын екі есеге дейін азайтуға жұмсамақшы. Қазір Алматы еліміздегі балабақшасы ең қымбат қала. Ал шаруасы шиіленіскен «Оңай» төлем жүйесіне қатысты әкім қылмыстық топтардың қатысы барын айтып қалды. Пайданың 60 пайызын жасырып келген көлеңкелі бизнесті қазір барынша заңдастырып жатыр екен.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

-Бұл салада қаржыны жинап алып отырған қылмыстық топтар бар. Біз қазір солармен арадағы мәселені шешіп жатырмыз. Қаржы айналымы ашық түрде жүргізілмегеннен кейін, осындай жемқорлық фактілері туындап отыр.

Әкім осы қоғамдық көліктегі жеңілдік мәселесіне де тоқталды. Енді алдағы айлардан бастап студенттер, оқушылар мен басқа да әлеуметтік топтар үшін айлық жолақы билеті қайтарылуы мүмкін. Бұл мәселені қалалық Мәслихат ертең қарамақшы.

-Ал «командаңыздан жемқор шықса, қызметтен кетесіз бе?» деген сұраққа жас әкім ондай жаман нәрсе туралы тіпті ойлағысы да келмейтінін айтты. Алматының тізгінін ұстағанына жарты жыл да толмаған Байбек, орынбасарларының өзгергені болмаса, ауқымды ауыс-түйіс жасамадым деп отыр. Осы жерде, әкім қарамағындағыларды мақтауды да ұмытқан жоқ. 

Loading...