И.Тасмағамбетовтың айтуынша, жаңа бас жоспар Алматыны мәдени, білім, іскерлік, инновациялық және Қазақстанның туристік орталығы мен аймақтық қаржылық орталық ретінде дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін және соның аясында жасалған. Бас жоспардың басты мәні - Алматыны тіршілік пен еңбекке қолайлы, эстетикалық жоғары талғаммен қалыптасқан сәулеттік дәстүрі, көркейген әлеуметтік ортасы мен жоғары деңгейде дамыған көлік инфрақұрылымы бар ашық Еуропалық үлгідегі қала-бақ ретіндегі болмыс-бітімін сақтап қалыптастыруға саяды. Сонымен бірге жоба қаланың қайталанбас тарихи орталығын сақтап қалуды мұрат тұтады.
Бас жоспарға сәйкес қаланың аумағы негізгі алты жоспарлы аймақ пен 80 кадастрлық кварталға бөлінген. Әрбір аймақ дербес даму ядросына айналады. Қаланың тарихи орталығы өзінің мәдени және іскерлік орталығы рөлін сақтап қалады. Бұл аумақта құрылыс салуға айрықша қатал талаптар қойылатын болады.
Сәулетшілердің жоспары бойынша, Есентай өзенінен батысқа қарай, І және ІІ Алматы темір жол бекеттерінің маңайы мен Құлжа трассасының өңірі тәрізді үш орталықты дамытуға баса көңіл бөлінеді. Бұл аумақтарда іскерлік және мәдени көңіл көтеру нысандары негізінен бой көтереді.
Әлеуметтік ортаны дамыту үшін 2,57 млн. шашы метр тұрғын үйсалу жоспарланып отыр. Соның ішінде 1,83 млн. шаршы метр үй қайта жөндеуден өткізіліп, 1,53 млн. шаршы метр тұрғын үйлер жаңадан салынып, 2,23 млн. шаршы метр ескі үйлер бұзылады. Тұрғын үйлердің 80 проценті 4 - 16 қабат аралығында болмақ.
Алматы арқылы өтетін өзендердің аңғары мен қала маңындағы көлдерді қоршай "жасыл аймақ"құру межеленген.
Бас жоспар бойынша Үлкен Алматы айналма автожолының жобасына қамтылатын Алматы іргесіндегі 53 мың гектар аумақты Алматы қаласының қарамағына беру қарастырылған. Қаланы айнала рекреациялық "жасыл қоршау" түзіледі. Бүгінде қала 340 шаршы шақырым аумақты алып жатыр.
Капитал сыйымдылығы жоғары өндірістер қаладан тысқары жерлерге көшіріледі. Сөйтіп, шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен түрлі қызмет көрсетуші кәсіпорындарға басымдық беріледі.
Бас жоспарға сәйкес, 2020-жылы Алматы қаласы тұрғындарының саны 1,5 млн. адамға, ал Алматы агломерациясының жалпы тұрғындарының саны 780 мың адамды құрайды. Ал Алматы қаласы әкімінің айтуынша, қалада уақытша тұратындарды ескергенде тұрғындардың жалпы саны қазірдің өзінде 1,5 млн. адамнан асады.