Алматы әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007 жылғы қорытындысына риза

"Біз көптеген жылдардың ішінде алғаш рет экономикалық көрсеткіштердің өскендігінің, барлық бағыттар бойынша тұрақты даму қарқынының куәсіміз",- деп атап өтті әкім. Оның айтуынша, 2006 жылы қаланың өзіне тиесілі бюджеті 103 миллиард теңгені құраса, 2007 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 170 миллиардқа жетті. Яғни бір жылдың ішінде қала бюджеті 67 миллиардқа өскен.

Сонымен қатар, И. Тасмағамбетовтың хабарлауынша, соңғы үш жыл ішінде өндіріс көлемі 347 миллиард теңгеге ұлғайып, өнеркәсіп қарқыны екі есеге өскен. Салық төлемі саласында мемлекеттік және жергілікті бюджетке 786 миллиардтан астам теңге қаржы аударылды (2004 жылмен салыстырғанда 2,9 еседен асып жығылады). Алматылықтардың орташа айлық табысы 2 есеге жуық өсіп, қазір 75 мың теңгені құраса, жұмыссыздар деңгейі 0,4 пайыздан аспай отыр. Жалпы әлеуметтік төлемдер есеп беру кезеңінде 1 млрд 435 млн теңгені құраған.

Қала әкімінің айтуынша, Алматының көлік стратегиясын жүзеге асыруға 2 жыл ішінде жол инфрақұрылымын дамытуға 105,8 млрд теңге тартылған, соның ішінде 83 млрд бюджеттік қаржы есебінен жұмсалған. 11 жолайырық іске қосылды, үш көше салынып, 630 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ аула ішінің аумағына асфальт төселіп, қашықтығы 10 шақырымдық шығыс айналма жолын салу басталды.

"Есеп беру жылында халықаралық әуежайдың өткізу мүмкіндігін кеңейту, энергетикалық кешенді рекаонструкциялау және сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңалау жөніндегі жобалар, жылына 450 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін қоқыс өңдеу комбинат құрылысы айтарлықтай жетістік болып отыр",- деп атап өтті ол.

Сондай-ақ қалада елбасының Алматыда Өңірлік қаржы орталығы, ПИТ құруға қатысты қойған тапсырмалары ойдағыдай жүзеге асырылып, 2011 жылы қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілді.

Әкімнің баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, осыдан үш жыл қала тұрғындары қолдаған арнайы бағдарламалар жалғасын тауып, өз нәтижелерін бере бастады. Осы уақытта барлығы 2300 тұрғын үй аулалары жөндеуден өтсе, оның алты жүзі - 2007 жылға тиесілі. 31 мың текше метр арық, 60 мыңнан аса ескі жарық нүктесі жөнделіп, одан бөлек 9 мыңы жаңадан орнатылды. Өткен жылы 20 мыңнан астам ағаш отырғызылған, ал жалпы үш жыл ішінде олардың саны 50 мыңға жеткен.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, пайдалануға беріліп жатқан баспана көлемі бір жыл ішінде 18 пайызға өскен. 2007 жылы барлығы 906 мыңға жуық шаршы метр тұрғын, немесе 7 мың пәтер пайдалануға берілген, оның 2069-ы мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген. Үш жыл ішінде барлығы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй, немесе 18 202 пәтер салынған.

Сонымен қатар, есеп беру кездесу барысында И. Тасмағамбетов Алматы тұрғындарына 2008 жылғы жұмыс жоспары туралы айтып өтті. Оның айтуынша, "қала бюджеті 182 млрд теңгені құраған", оның әлеуметтік саладағы шығыны 44 пайызды, немесе 53,7 млрд теңгеге жетіп жығылады, бұл 2005 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық".

Атап айтқанда, әкімнің ақпараттарына сүйенсек, 25 млрд білім беру саласына, 23 миллиардтан астамы - денсаулық сақтау саласына, 4,5 млрд теңгеге жуығы қала тұрғындарын әлеуметтік қорғауға жұмсалады. Сондай-ақ тек білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салуға 11,8 млрд теңге жұмсалатын болады.

2008 жылы жалпы білім беретін 11 мектеп, 7 балабақшаның құрылысы басталады. Соңғысының 4-і биыл бітеді. Сондай-ақ, 8 ірі денсаулық сақтау объектісінің құрылысы басталып, оның үшеуі 2008 жылы пайдалануға беріледі.

Тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 32 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалады. Соның есебінен 470 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде, 40 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй бар.

Қалалық көлік құралдары салмағын азайту бағдарламасы аясында 6 жол айрығын қатарға қосу жоспарланған. Оның ішінде: Абай мен Жандосов, Жандосов пен Сәтбаев, Райымбек - Пушкин - Сүйінбай және Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылыстары бар. Талғар және Құлжа трактілеріне шығатын Шығыс айналма жолының бірінші кезегін аяқтау, салынып жатқан 10 автопаркингтің төртеуін пайдалануға беру көзделген. "Жаңа жолдарды салу мен ескі жолдарды жөндеуге 2008 жылы 14,1 млрд теңге бөлінді", - деп хабарлады қала әкімі.

Сонымен қатар, 2008 жылдың мамыр айына дейін Алматы метрополитенінің барлық туннелдерін қазу жұмыстары аяқталады. Станциялар, қажетті инфрақұрылымдық объектілер құрылысы жалғасады. Сонымен қатар, метрополитеннің екінші желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі үшін 472 млн теңге қарастырылған.

2008 жылы 700 астам ауланы жабдықтап, Жетісу мен Түріксіб аудандарындағы бағдарламаны аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, тоқтап тұрған субұрқақтар мен қаладағы арық желілерін қайта қалпына келтіру керек.