Алматы әкімі қаланың өнеркәсіп орындарын аралады

Айта кету керек, бұл кәсіпорындар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсететін «Бизнестің жол картасы-2020», «Алматы қаласын индустрияландыру Картасы», «Даму-Өндіріс» бағдарламаларына қатысатын өнеркәсіп орындары.

Қала басшысы алдымен жылыту радиаторларын шығаратын «Склад ОВ» ЖШС-ін аралады. Аталған өндіріс орны 2016 жылғы индустрияландыру картасына енді.

Өндірістік қуаты жылына 1,2 млн секцияға жеткен соң кәсіпорын отандық тұтыну нарығының 25-30 пайызын жаба алады.

Өндірісте қазақстандық аллюминий шикізаты қолданылатындықтан, өнімдегі қазақстандық қамтудың үлесі 92 % болып отыр.

Мамандардың пайымдауынша, ЖШС шығарған өнімдер сапасы жағынан шетелдік тауарлардан кем емес әрі бағасы төмен.

«Қазақстандық компаниялар сапалы өнім шығара алмайды деген қасаң стереотиптерді жою керек. Бұлардың барлығы - заманауи технологиямен жұмыс істейтін қазіргі заманғы өндіріс орындары. Шығарылған әрбір радиатор жаңа жұмыс орнын құрайды», - деді Б.Байбек.

Бұдан соң әкім «Алматы электромеханика зауытында» болды. Зауыт өнімдерін «Алматы жарық компаниясы» ЖШС мен «Электрокабель» ЖШС тұтынады.


Зауыт әзірге өндірістік қуатының 70%-ында жұмыс жасап тұр.

Болашақта инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағы аясында жекелеген компоненттер өндірісі қолға алынып, зауыт қазақстандық қамту көлемін арттырады.

Шаһар басшысы «Алматыэнергосервис» ЖШС- де болды. Кәсіпорын күрделі конструкциялар, энергия жабдықтарын және тренажерлерді шығарады.

Заманауи қондырғылардың арқасында 3D-макеті бойынша түрлі бұйымдар өндіріледі. Атап өтерлік жайт, кәсіпорын әскери тренажер шығарудың толық циклін, яғни оны жасау идеясынан бастап, өнім ретінде шығаруды жүзеге асырады.

Сондай-ақ, мұнда кәсіптік- техникалық білім беретін оқу орындарының студенттері өндірістік тәжірибеден өтуде.