Алматы әкiмi қар тазалау бойынша Үкiметте есеп бердi

Оның айтуынша, соңғы бес күнде қар орташа айлық мөлшерден үш есе көп түскен, бiрақ қазiргi уақытта жағдай тұрақты, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қаладағы қардың биiктiгi 16-20 қараша аралығында 60 см, ал тауда 80 см-ге жеттi. Бұл орташа айлық мөлшерден үш есе көп. Осы жағдайға байланысты қарды тазалап, шығару жұмысы күшейтiлген тәртiпте жүргiзiлiп жатыр. Жалпы алғанда, тәулiк бойы қар тазалауға барлық қалалық коммуналдық қызметтер, төтенше жағдайлар департаментi, энергетика басқармасы, аудандық әкiмдiктер, сондай-ақ 800-ден астам жеке пәтер иелерi кооперативтерi, заңды тұлғалар мен ғимараттардың иелерi де тартылды», - деп баяндады Алматы әкiмi селекторлық режимде өткен үкiмет отырысында.

Оның айтуынша, қалада күнделiктi 760 техника мен 1,6 мың жол жұмысшысы қар тазартады. Бұған қоса қосымша қала кәсiпорындарының 128 техникасы мен 5 мың адам тартылған.

«Қаланың және оған жапсарлас жатқан аумақтың үлкендiгiне байланысты қарды шығаруда белгiлi бiр қиындықтар бар. Соңғы төрт тәулiкте 95 мың текше метр қар шығарылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Осы апта iшiнде тағы 250 текше метрге дейiн қар жинауды жоспарлап отырмыз. Жұмыс күндiз де, түнде де жүргiзiледi», - дедi Б.Байбек.


Алматы әкiмi қалыптасқан жағдайға байланысты осы аптада жергiлiктi бюджеттен қосымша 400 млн теңге бөлiнетiнiн жеткiздi.

«Яғни, бiз жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға көтердiк, тағы адамдар алдық. Егер қар аз болса, оларды қоқыс жинауға тартамыз. Әрине, осынша адам мен техниканы тұрақты түрде ұстау шығынды көп қажет етедi, бiрақ қазiр бiз бұл мәселенi шешiп жатырмыз. Бүгiнде жағдай тұрақты», - деп сендiрдi ол.

Сөз соңында Бауыржан Байбек қар тазалауға көмектесiп жатқан Алматы тұрғындары мен кәсiпкерлерге алғысын айтты.