"Баршаларыңызды Жеңіс мерекесімен құттықтап, зор денсаулық және біздің арамызда ұзақ ғұмыр кешулеріңізді тілеймін",- деді А.Есімов Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қаланың алты ауданында пәтер кезегінде тұрған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне пәтердің ордері мен кілтін тапсыру рәсімде сөйлеген сөзінде.
Ол Алматы қаласының әкімдігі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тұрмыс -жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан Ұлы Отан соғысының 11 ардагері мен мүгедегі, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген 3 жауынгер - интернационалист, ҚР Қарулы күштерінің 1 ардагері жаңа пәтерге ие болады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Камиль Сабырұлы Нұрымовтың пайымдауынша, мемлекет ардагерлердің проблемасына үлкен назар аударуда. Алайда, рәсімнен кейін журналистерге берген сұхбатында ол "бірнеше жылдан бері парламентте жатқан ардагерлер туралы заңды қабылдау қажеттігін атап өтті. "Оны қабылдау нәтижесінде тек Ұлы Отан соғысының ғана емес, ауған соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің де жағдайы жақсарады",- деді ол.
К. Нұрымовтың айтуынша, мерекеге орай ардагерлер дәстүрлі құттықтаулармен қатар 5 мың теңге және түрлі мейрамханалар мен дәмханаларға мерекелік қонақасына шақыру алады. Ал басқа уақыттарда ардагерлерге түрлі ардагерлік ұйымдар қолдау көрсетіп, тіпті мұқтаж жандарға материалдық көмек те береді.