Алматы аудандық соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясын тарату туралы шешім шығарды

Сот мәжілісіне "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясының басшылығы келмегендіктен, процесс сырттай жүргізілді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматы қалалық прокуратурасы 2004-жылдың 27-желтоқсанында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясы тарапынан Қазақстан заңнамалары мен Ата заң талаптарын өрескел бұзуға байланысты "Саяси партиялар туралы" заңның 14-бабына сәйкес қоғамдық бірлестікті тарату туралы шешім қабылдау жөнінде Алматы қалалық мамандандырылған экономикалық сотына шағым түсірген.
Прокуратураның атап көрсетуінше, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы" қоғамдық бірлестігінің 2004-жылғы 11-желтоқсанда өткен екінші құрылтайында саяси мәлімдеме қабылданып, онда партия қазіргі билікті халыққа қарсы бағытталған заңсыз билік деп танитынын, сол себепті әкімдер мен соттардың шешіміне мойынсұнбайтынын мәлімдеп, қоғамды батыл қадамдарға, бағынбаушылыққа үндеген.
Алматы қалалық прокуратурасының сот актілерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқармасының аға прокуроры Алмас Рамазановтың хабарлауынша, айыптаушы жақтың пікірі филологиялық сараптамамен үндеседі. Сараптаманы ҚР Бас прокуратурасының тапсырысы бойынша сот сараптамасы орталығының мамандары жасаған. Сараптама қорытындысында атап көрсетілгеніндей, ""Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиясының" мәлімдемесі қазіргі билік жүйесіне жауластық көзқараста болумен бірге азаматтарды батыл бағынбаушылық әрекеттерге үндеп, әлеуметтік араздық тудырады". "Азаматтарды мойынсұнбауға шақыру арқылы ҚДТ мемлекеттің басқарушылық қабілетін нашарлату жолымен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Бұл әрекет саяси экстремизмге жатады",- деді прокурор.
Ал Қазақстан демократиялық күштерін үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай журналистер сауалына жауап беру барысында осынау сот процессін "биліктің ҚДТ-ны таратуды көздеген тапсырысы" деп атады. Ж.Тұяқбайдың айтуынша, кешегі отырыста көптеген процессуалдық ережелер бұзылды. Атап айтсақ, "сот жауапкерді мәжіліске қатыстыруды қамтамасыз ету тетіктерін толық пайдаланған жоқ. Тараптардың құқығы бірдей сақталмады. Бұл сот тіпті қарапайым сот тәртіптеріне бағынған жоқ". "Өз басым бұл сотта заң рухымен және заң талаптарымен мүлдем қабыспайтын солақай шешім шығарылады дегенге бек сендім",- деді Ж.Тұяқбай.