«Осы турнирде бірінші және екінші орын алған палуандар «Қазақстан барысы» республикалық біріншілігіне қатысады. Бүгінгі сайысқа өткен сәуір айында аудандық жарыстарда топ жарған 14 палуан қатысуда. Олар «Түйе палуан» жүйесі бойынша бақтарын сынап жатыр. Яғни, мұнда белгілі бір салмақ категориялары жоқ. Тек сайысқа қатысатын палуанның салмағы 80 килограммнан асуы керек», - деді Алматы қаласы бойынша қазақ күресінің аға бапкері Ермек Насиев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сәуір айының ішінде Алматы қаласында қазақ күресінің іріктеу жарыстары өткен болатын. Бүгінгі турнирде бірінші және екінші орын алған палуандар «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алады.
Айта кетейік, «Қазақстан барысы» республикалық турнирі үстіміздегі жылы Астана қаласында 29 маусым күні сағат 13.00-де «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.