Алматы экономикалық соты «Қазпотребнадзор» бірлестігін атауын өзгертуге міндеттеді

«Қазпотребнадзор» қоғамдық бірлестігі Алматы экономикалық сотының үкіміне қарамастан өз бренді үшін ақырына дейін күресуге бел буып отыр.


           «Біз бірлестік атауы үшін ақырына дейін күресетінімізді мәлімдейміз. Заңды атауымызды сақтап қалу үшін міндетті түрде жоғарғы инстанцияларға, Жоғарғы сот пен халықаралық соттарға шағымданамыз», - деп сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында «Қазпотребнадзордың» зерттеу жөніндегі директоры Сергей Акимов мәлім етті.
           Оның айтуынша, сейсенбі күні кешқұрым Алматы қаласының экономикалық соты Әділет департаментінің «Қазпотребнадзор» ҚБ атауын өзгертуге міндеттеу туралы шағымын қанағаттандырыпты.
           «Мұның нақты себебі қарапайым ғана: олар танылған брендті тартып алып, жаңадан құрылатын Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттікті солай атамақ», - деді ол.