Қазір кеш өтетін орын – Халықаралық шаңғы трамплин кешенінде алып сахна құрылып, техникалық топ әрлеу жұмыстарын реттеуде. Әртістер қауымы да қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ең бастысы – билеттер саны аз қалды. Ескерте кетсек, биыл да концертке кіру ақысыз. Бірақ ол үшін радио мен ғаламтор сайттарында өтіп жатқан түрлі викториналарды жеңу қажет. Ретро-кеш қыркүйектің 6-сына белгіленген.
Фестивальдің қоюшы режиссері Андрей Еремин бүгінгі дайындықты дәл осылай бақылауда. Сонау Киевтен арнайы шақыртылған маман кештің сәтті өтуін техникалық қауіпсіздікпен де байланыстырады. Яғни, концерт барысында әртістер оқыс жайға тап болмауы тиіс. Алып сахна бірер күнде толық құрылып бітеді.
Андрей Еремин, «Алматы – іңкәрім менің» фестивалінің қоюшы режиссері:
- Бұл техникалық жағынан жетілдірілген теңдесі жоқ сахна болатын шығар. Әртістердің астына да, үстінен де шығуына жағдай жасалады. Жылжымалы алып экрандар көп болады. Тіпті лифтке дейін қойылады. Енді биылғы фестивальдің ғажап болуы үшін барымызды салудамыз.
Биылғы дайындық сондай-ақ, гримшілердің де еңбегін еселетіп тұр. Фестиваль тақырыбы бұл жолы киноға арналғандықтан, әртістердің көбінің бейнесі танымастай өзгеруі мүмкін. Мәселен, Майкл Джексон образына енген мына қазақ әншісінің кім екені тек кеш барасында мәлім болады.
Бишілер де тыным таппай жүр. 3 ансамбльден құрылған топқа қазір костюм жағын ғана реттеу қалған. Мюзиклі бар, басқасы бар, олар 40-қа жуық қойылымға қатысады. Бұған 70-тен астам әншіні қосымша сүйемелдеу міндетін тағы қосылған.
Ескерте кетсек, осымен екінші жыл ретро мерекеге кіру ақысыз жүйеде. Бірақ өзіндік шарты бар. Яғни, шақыртуды әлеуметтік желілер мен радиоларда жүріп жатқан түрлі викториналарды жеңіп қана алуға болады. 7 мың билеттің қазір 20 пайызы ғана қалыпты.
Элина Козино,«Алматы – іңкәрім менің» фестивалінің қоюшы режиссері:
- Биыл біз фестиваль тақырыбын «О... салтанат» деп алдық. Яғни, «Оскар» мерекесі стилінде өтеді. Әрине, соған сай 15 адам арнайы марапатқа ие болады. Олардың басым бөлігі кезінде шараны ұйымдастыруға еңбегі сіңген тұлғалар. Режиссерлер, техниктер дегендей.
Сонымен, Алматыға шексіз махаббатын білдірушілер Алатау бөктерінде 6 қыркүйекте 15-ші мәрте бас қоспақ. Отандық жұлдыздардан өзге кеш қонақтары қатарында, биыл Николай Басков, Михаил Боярский, «Bed boys blue» тобы бар. Сондай-ақ, Италия мен үнді киносының аты аңызға айналған қос әртісі келеді деп күтілуде. Тек әзірге олардың есімдері құпия.