«Алматым – іңкәрім менің» ретро-фестивалінің жүгенін өзге жұртқа бермейтін, сахнасында өздері ғана сөйлейтін жұп бұл. Халық әртісі Нағима Есқалиева мен Сағынай Абдуллин. Алатаудың етегінде өткенімен, аты Алты Алашқа мәшһүр ретро-фестивалді о бастан бірге жүргізіп келеді. Олар өткенге көз салып, ретро-фестивальдің қалай өмірге келгенін еске алды. Егер осыдан 15 жыл бұрын «Жетіген» тобының әнін Дариға Назарбаева естімегенде, бүгінгідей думан болмас та еді.
Сағынай Абдуллин, «Алматым – іңкәрім менің» ретро-фестивалінің жүргізушісі:
-Бұл ретро-фестивальдің негізін қалаушы Дариға Нұрсұлтанқызы, осыдан 15 жыл бұрын басты ойды ортаға салып ұйымдастырған адам сол. Алғашында жәй концерт жасамақ болдық, артынша кішкентай фестиваль ұйымдастыру туралы ой тасталды. Міне, 15 жылда бұл жоба осындай деңгейге жетті.
«Алматым – іңкәрім менің» ретро-фестивалі басталғалы Дариға Нұрсұлтанқызы жобаға жан бітіруші ғана емес, шараның басты қатысушысы. Жыл сайын Алматы төрінде түндігі түрілетін кеште қазақтың ұлттық әндерін нақышына келтіре орындап, опера айтуды да дәстүрге айналдырған.
Биыл да алыс-жақын шетелдің аяқтыға жол бермей ауыздыға ән бермей жүрген кіл мықтысы біздің сахнада ән шырқамақ. Және отандық жас топтар да фестивальге қатысады. Солардың бірі «Altyn Girls». Жас қыздар үлкен сахнаға енді қаз-қаз қадам басып келеді, оған қарамастан аты дардай «Алматы – іңкәрім менің» ретро-фестиваліне қатыспақ.
Құралай, «Altyn Girls» тобының мүшесі:
-Біздің естуімізше, осы фестивальге Қазақстанның атақты үлкен жарық жұлдыздарымен қоса шетелдің де атақты әншілері, мәселен, Николай Басков, Боярский, атақты «Blue» тобы секілді әлемге танымал әншілер қатысады деп естідік. Әрине, бізде қобалжу бар.
Жауапкершілік тым жоғары, содан болар үш қыз студияға енер уақыттары келмесе де, дәліздің өзінде ән айтып шыр көбелек айналып жүр.
Енді 6 қыркүйектің кешінде Алматыдағы трамплинге келетін көрерменнің таңданысында тіптен шек болмайтыны анық.