400 түтіні бар «Заря» саяжайының берекесін қашырған мына нәжіз суы. Жұрт 5 жылдан бері осы иісі қолқаны қабатын ауамен демалуға мәжбүр. Салдарынан соңғы кезде тіпті тері, тыныс жүйесі сыр беріп, дәрігер көмегіне жүгінгендер жиілепті.
Индира Смағұлова, саяжай тұрғыны:
- Қыстың күні бұл су ағып, мынандай мұз болады. Кішкене жүреміз құлаймыз, кішкене жүреміз құлаймыз. Ал бұл қандай сасық су, боқ-сідік бұл.
Осылайша қысы жазы кәріз құбырынан қорлық көргендердің қақпаған есігі жоқ. Айтуларынша, нәжіс кештіріп отырған елді-мекен іргесіндегі Республикалық «Ақсай» балалар ауруханасы. Өйткені, суы асып-тасып жатқан құбыр осы мекеменікі екен. Бірақ ондағылар жұрттың өзін кінәлап отыр.
Эрнест Қалиев, Республикалық «Ақсай» балалар ауруханасының директоры:
- Бастапқыда кәріз желілері тек біздің аурухана үшін жүргізілгені рас. Бірақ, қазір көріп тұрсыздар жер үйлер де, орталықтар да көбейіп жатыр маңымызда. Сондықтан, лас судың кетуі тек бізден дегенге келіспеймін.
Ауыл әкімдігі де аурухана басшылығының сөзін сөйлеп отыр. Өйткені, кезінде тек емдеу мекемесіне деп жүргізілген кәріз құбырына шу көтерген тұрғындардың өздері де жалғанған болып шықты. Ал тозығы жеткен құбырлар қысымды көтере алмай жарылады дейді әкімдіктегілер.
Қайрат Күлембаев, Таусамалы ауылдық округінің әкісі:
- Үстіндегі саяжайда өтетін кәріз жүйелеріне бәрі заңсыз қосылып алған. Содан кейін біреуі бір тиын пайдаланғаны үшін төлемейді. Егер бізге арыздар түссе, бір оны 15 күн ішінде қарап, жедел бәрін атқарамыз.
Десе де, әкім нәжістің көше бойын жайлап жатқанын бізден естіп 1-2 күнде жөндейміз деді. Тек бұған тұрғындардың сенгісі жоқ. Өйткені ауыл басшылығы «құрғақ уәде берудің шебері» дейді олар. Сондықтан мәселеге аудандық, облыстық әкімдіктің араласқанын сұрап отыр.