Бұл күні қыдырған да арманда, қыдырмаған жан сәрі жоқ та шығар. Қала іші көңілді клоундарға толып кеткен. Кішіге де үлкенге де тегін тәттілер таратылып, «билеймін» деушілерге тұла бойды түгел қимылдататын ән шырқалды.Ал мерекелік шараны әдеттегідейқала әкімі Ахметжан Есімов ашты. Жұртпен бірге билей жөнелмесе де, әкім қуанышын жалынды құттықтау сөздерімен жеткізді.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
-Еліміздің әрбір үшінші студенті Алматы қаласында оқиды. Сондықтан да, Қазақстанның барлық түкпір-түкпірінен келген жастар осы жерде білім алып, маман болып өздерінің ауылдарына барып қызмет атқарып жатыр. Сондықтан да мен ойлаймын қала күні ол тек қана алматылықтардың күні емес, ол бүкіл қазақстандықтардың күні. Сондықтан мереке құтты болсын.
Жұрттың көңілін «Гэтсби» стилінде киінген әртістер өзіне аударды. 20-шы жылдарғы көліктерге дейін табылды мұнда. Ал нағыз ғаламат қас қарая басталды. Мыңдаған от шашу аспанға төгіліп, Алматы түні түрлі түске боялды.
Ілияс Қалиев, Алматы қаласының тұрғыны /ауд./
- Фейерверктер өте әсерлі, тамаша болды! Бала-шағамызбен қуанып қалдық.
Соңғы рет мұндай орасан от шашу Сочидегі Олимпиада ойындарында қойылған екен. Бірақ бұл жолғысы бәрінен де асып түсті. Аспаннан Алматы символы саналатын алма, жүрек тәрізді оттар жарқырады. Күннің суығына да қарамастан, қала күнін тойлаған жұрт көктен көз алмай, от шашуларды таңға дейін тамашалады.