АПК ақпаратына сәйкес, бүгінде жергілікті станцияларды толыққанды іске қосқан жағдайда да күн сайынғы электр қуатының тапшылығы 2-2,5 млн. Квт/сағ немесе 80-100 МВт-ты құрап отыр. 2005-жылдың 26-наурызынан бастап Жамбыл ГРЭС-і жұмысын тоқтатуға байланысты жеткіліксіз электр қуатын еліміздің солтүстігінде немесе Қырғызстанда орналасқан электр станцияларынан сатып алу арқылы ғана қамтамасыз етуге болады,- деп хабарлайды энергетикалық компания.
"Солтүстік-оңтүстік бағытында электр қуатының транзитіне АПК-ға арнап бөлінген квота 70 МВт-қа тең. Алайда "KEGOC"АҚ компания үшін транзитке небәрі 30 МВт бөліп отыр",- делінген хабарламада. "Қалыптасқан күрделі ахуалдан "KEGOC" ұлттық компаниясы тарапынан АПК-ға арналған транзиттік квота мөлшерін 70 МВт-қа дейін арттырған жағдайда ғана шығуға болады. Не болмаса Алматы қалалық энергетикалық компаниясына тапшы электр қуатын Орталық Азия аймақтық энергетика жүйесінен сатып алу мүмкіндігі берілуі қажет",- деп санайды компания басшылығы.
"Алматы қаласының басшылығы мен "АПК" АҚ тарапынан электр қамтамасыздығы проблемасын реттеуге қажетті шаралар толыққанды қолданылуда",- деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.