Алматы облыстық балалар үйінің лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылды

Тексеру барысында прокуратура қызметкерлері бірқатар заңбұзушылықтар орын алғандығын анықтады.

Бұл туралы органның баспасөз қызметінен хабарлады.

Атап айтқанда, кей тәрбиеленушілер ҚР тұрғын үй туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жандар ретінде кезекке тұрғызылмаған. Балалардың ата-аналарынан алимент өндіру жұмысы да жөнге қойылмаған. Кей балалардың әлеуметтік мәртебесі де анықталмаған. Бұл олардың сәйкесінше жәрдемақы алуына шектеу болып отыр.


«Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманың, өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғандығы белгілі болды. Балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп, конституциялық құқықтары бұзылып отыр», делінген хабарламада.

Қазір мекеменің лауазымды тұлғалары тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.