Алматыда тергеу абақтысында отырған Наталья Слекишинаның өзін бүгінгі сотқа әкелмеді. Адвокаттың айтуы бойынша, Слекишинаны 2 ақпан, бейсенбі күні - Алматы облыстық сотының қаулысының толық мәтіні дайын болғанда босатады. Облыстық сот судьясы Жантасов бүгін қаулының қарар бөлігін ғана оқыды.
Наталья Слекишина 2015 жылы қылмыстық кодекстің 192-бабы 3.2-бөлімі ("Ірi мөлшердегі мүлiктi жымқыру мақсатында жасалған қарақшылық") бойынша айыпталып, сегіз жылға сотталған. Ол қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде отырған кезде зорланғанын 2016 жылы жазда мәлімдеген. Ол тергеу орнында отырған кезде өзін түрменің төрт қызметкері зорлап, содан жүкті болып, бала тапқанын айтқан. Бірақ күдіктілер айыпты жоққа шығарған. Кейін сараптама нәтижесінде сәбидің әкесі түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған.
Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Түрксіб аудандық соты түрме қызметкері Руслан Хакимовты "зорлау", "азаптау" және "билiгін немесе лауазымдық өкiлетін асыра пайдалану" бойынша айыпты деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.
Слекишина соттан жазасын өтеуді қазір жасқа толмаған кіші қызы кәмелетке толғанға дейін қалдыруды сұраған. Іле аудандық соты өткен жылы желтоқсанда Слекишинаның жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруға рұқсат еткен.