Алматы облысында 10 мың гектар жайылым суармалы егістікке айналады 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысының Ұйғыр ауданында жайылым жерлерін заманауи суармалы егістік алқаптарына айналдыру бағытындағы ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы көлемі шамамен 10 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.

Жобалар аясында цифрлық технологиялар, су үнемдеу жүйелері мен автоматтандырылған агротехникалық шешімдер енгізілуде. Бұл өнімділікті арттырып, экспортқа бағытталған агроөнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік береді.

Қалжат ауылында «Harvest Agro» компаниясы 4,5 мың гектар аумақта жүгері мен мақсары өсіруге арналған жобаны іске асыруда. Инвестиция көлемі – 18,2 млрд теңге. Компания тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін, топырақты цифрлық талдау жабдықтарын және жасанды интеллект негізіндегі басқару жүйелерін қолданбақ. Өнімдер Қытай, Иран және Орталық Азия елдеріне экспортталады.

Ал «Assem Kaljat» ЖШС 2,5 мың гектар жайылымды суармалы жерге айналдырып, жүгерінің 12 сұрпын еккен. Кәсіпорында заманауи техника, дрондар және су үнемдеу технологиялары пайдаланылады. Өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Иран және Қытайға жөнелтіледі.

Компания алдағы уақытта жүгеріні өңдеу және сақтау, тамшылатып суару жүйелері мен поливинилхлоридті құбырлар шығаратын үш зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 23 млн АҚШ долларын құрайды.