Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарнаның мәліметінше, осыдан төрт жыл бұрын ақсақалдар бастама көтеріп, жастар бұл шешімді қолдаған. Бүгінде жергілікті дүкендерде ішімдік те, темекі өнімдері де сатылмайды.
"Ауылымыз тыныш. Балаларымыз жақсы, жастарымыз да үлгілі. Ешқандай оқиға болмайды. Дүкендерде ішімдік сатылмайды. Сондықтан жайбарақат өмір сүріп жатырмыз, бәрі тыныш", - деді ауыл тұрғындарының бірі.
Тұрғындар ауылдағы ахуалдың әлдеқайда тынышталғанын айтады.
"Қазір бізде тіпті той-томалақ ішімдіксіз өтеді. Өзге де мерекелерді де арақ-шарапсыз атап өтеміз. Меніңше, бұл өте дұрыс. Сондықтан біз мұндай бастаманы қолдаймыз", - деп түсіндірді тағы бір ауыл тұрғыны.
Сюжеттегі мәліметке сүйенсек, полицейлер мұнда кейінгі жылдары бірде-бір құқықбұзушылық тіркемеген. Ауыл тұрғындары жастар тәрбиесіне және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі.
"Біздің ауылда көптен бері бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Ішімдік мұнда сатылмайды. Тұрғындар бұл бастаманы өздері көтеріп, тәртіпті сақтап отыр. Біз "Ішімдіксіз ауыл" жобасы аясында жұмысты бірлесе жалғастырамыз", - деді учаскелік инспектор Бекзат Байытдүйсен.
Телеарнаның ақпараты бойынша, Алматы облысында барлығы 23 ауыл ішімдік сатудан ерікті түрде бас тартқан. Өңірлік полиция департаменті мұндай елді мекендердің саны жыл сайын артып келе жатқанын нақтылады.