Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткенде брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова айтып берді. Жалпы, биыл облыс бойынша 9 мыңнан астам бала ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Облыс бойынша 2015-2016 оқу жылындағы түлектер саны - 13322.
Олардың ішінде «Алтын белгіден» үміттілері - 364, үздік аттестатқа – 83. Дарынды балаларды анықтау мақсатында облыс көлемінде олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстары, әдістемелік жұмыстар, озат тәжірибе жинақтау және оны тарату жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2015-2016 оқу жылында Көкшетау, Петропавл қалаларында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасына Жетісу жерінен 72 оқушы қатысып, 4 алтын, 9 күміс, 11 қола медальға қол жеткізілген. Ал, қорытынды есепте құрама команда жүлделі ІІ орынды иеленіп, «Үздік олимпиадалық команда» атағын тағы да растады. Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 70 колледж бар. 2015- 2016 оқу жылында 107 мамандық бойынша 32261 білім алушы оқиды, оның 17053-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде. Сондай-ақ, аталған оқу жылында облыстағы дуальді оқыту жүйесі негізінде оқу процесін жүргізетін 18 колледж облыстық кәсіпкерлер палатасымен бекітілген жол картасына енгізілген, оның 5-уі ауылшаруашылық мамандықтары бойынша. Колледж басшылары дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша 93 кәсіпорынмен үшжақты келісімшарттарға қол қойған. Осы жүйе негізінде барлығы 24 мамандық бойынша 709 студент оқиды.
Брифингте, сондай-ақ, білім саласына қарастырылған қаражат көздері де тілге тиек болды. Мысалы, 2016 жылы облыстық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін бюджеттен 773,2 млн. теңге, ал оқулықтар мен оқу әдістемелік жинақтармен қамтамасыз етуге 3 млрд. 15 млн. теңге бөлінген көрінеді. Бүгінгі күні облыстың 360 мектебі лингафонды-мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз етілген. 140 білім беру ұйымында «E-learning» электрондық оқыту жүйесі енгізілген. 2015-2016 оқу жылында 596 білім беру ұйымы (81%) кеңжолақты интернет желісіне қосылған. Облыстың 604 мектебінде 2459 интерактивті тақта орнатылған.