Алматы облысында әскерден қашқан сарбаз ұсталды


Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай қаласының тумасы Серік Дәулетбай қызметтік тапаншаны алып, із суытқан болатын. Тәртіп сақшылары ұйымдастырған жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 21 жасар шекарашы бүгін қолға түсті. Ол кеше таңғы сағат алтылар шамасында келіcім-шартпен қызмет атқарып жүрген қаруласын соққыға жыққан. Басынан ауыр жарақат алып миы шайқалған старшина әскери госпитальда көз жұмды. Ал Серік Дәулетбай Алматының іргесінде тұрған ауылдағы туыстарына барып бой тасалаған екен. Сарбаздың әскери бөлімнен алып шыққан «Макаров» тапаншасы мен оқтар тәркіленді. Енді жауынгердің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалмақ.