Алматы облысында әскерге барған жігіт басына үш оқ тиып, жансақтау бөлімінде жатыр

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Ертуған Омарханов әскер қатарына өзі сұранып келкен. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Заречный кентіндегі бөлімге қарашада қабылданыпты. Ал, мұндағы сарбаздар кезек-кезекпен жақын жердегі түрмені күзетеді. 2 күн бұрын ол өз бекетін тапсырар кезде оққа ұшқан. Түнгі сағат 1 шамасында болған оқыс жағдайдың мән-жайын қайғыдан қан жұтқан ата-ана әлі де түсіне алар емес.

 Жігіттің әкесі Ержан Ахметов ұлының әскерге үш ай бұрын кеткенін айтады. "Ұлым әскерге келіп, 3 айдан кейін мына жағдай болып жатыр. Білмеймін не болғанын, түсініксіз. Оқ басына, жақтан кіріп бастан шыққан ғой", - дейді ол. Оқтың Ертуғанның қолындағы Калашников автоматынан атылғаны белгілі. Оның үшеуі сарбазға дәл тиген. Сондықтан, дәрігерлер дереу ота жасапты. Соған қарамастан, жігіттің жағдайы тым ауыр. "Жағдайы өте ауыр. Қазір комада жатыр. Біз қажетті ем-домды жасаудамыз. Науқас арнайы аппаратта жатыр", - дейді Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары Қайрат Иманғалиев,.

Әскери бөлімдегі камераға сарбаздың автоматты оқтап жатқаны түсіпті. Ал, атылған тұсы еш жерде жоқ. Сол кезде қасында бірнеше қаруласы болғанымен, олар да мардымды ештеңе айтпапты. Сондықтан, қазір жұмбақ жағдайдың болжамдары ғана айтылуда. Жақындары болса Ертуғанға әскерде қысым көрсетілген деп ойлайды. Сөйтіп, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген болуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін анасына қоңырау шалғанда, қиналып жүргенін жеткізіпті. "Шешесімен сөйлескен кезде айтыпты, қиналып кеттім, шаршап кеттім, шыдай алмаймын деп. Басшыларының біреуі айтады екен, күзетке шыға алмасаң, отыр шешеңнің юбкасының астында, болмаса бар өліп қал деп. Келісім-шартпен жүрген жігіттер де қысым көрсеткен сияқты", - дейді сарбаздың ағасы Тілеуғазы Аюпов.

Ал, әскери бөлімдегілер өздеріне шаң жуытпады. Мұнда сарбаздарға "әй" деп те дауыс көтерілмейді деп отыр. Сондықтан, жас жігіт оқты өз-өзіне абайсызда атып алған деп топшылайды. "Біздің болжам қаруды дұрыстап ұстап ережелерін сақтамаған деген күдікпен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлімжеттік және де басқа бірін-бірін ынталау ондай фактілері тіркелген жоқ", - дейді 7552 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік құқықтар бөлімшесінің бастығы Бағлан Қалдыбек.


 

Ұқсас тақырыптар:

Түрмені күзету барысында мерт болған cарбаздың неден көз жұмғаны белгілі болды
Қарағандыда қатардағы жауынгер атылып өлді