Шағын кәсіпорын мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екінші топтағы мүгедек Асхат Талғарбаев «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге грантқа ие болған. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін бастап кетті. Сонымен қатар ол өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі төрт азаматты жұмыспен қамтыды. Жоспар бойынша, цехта айына 40 жұп аяқ-киім тігіледі және бұл заттар таза былғарыдан жасалынады. Бағасы да қарапайым халық үшін қолжетімді болмақ.
Айта кету керек, кәсібін жаңадан бастаған Асхат Талғарбаев туа бітті сөйлеу қабілетінен айырылған. Ол өзі сияқты азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Оларға арнайы сурдо аудармашы қызмет көрсетеді.
Кербұлақ ауданында шағын цехпен қатар, су жүйесі де жаңарды. Енді Шұбар ауылының халқы ауыз судан тарықпайтын болады. Сонымен қатар ауданның орталығындағы бір көшеге жаңа атау берілді. Енді Сарыөзектегі жаңа шағын аудан Абылай ханның шөбересі Тезек төренің атымен аталады.