Алматы облысында бүтін ауыл көршілерінің кесірінен жарықты ұрлап қосуға мәжбүр

Алматы іргесіндегі Нұра ауылында тоғыз жүзге тарта отбасы түтін түтетіп отыр. Алайда соның тең жартысы қарызға белшелерінен батқан. Яғни ауылдағы 419 отбасы 2012 жылдан бері жарыққа ақы төлеуді тоқтатыпты. Сондықтан олардың үйлері электр энергиясынан ажыратылған. Алайда қулығына құрық бойламайтын тұрғындар желілерге өз беттерінше қосылып, жарық ұрлауды әдетке айналдырыпты.  

Баян Шоқабаева, Нұра ауылының тұрғыны:

-Өтірік айтпаймын. Ұрлық жасаймын. Түнде жағамын. Себебі кішкентай немерелеріме жарық  керек. Жасыратыны жоқ.

Қарызы қордаланғандардың айтатын сылтауы да дайын. Барлығы бірауыздан ауылда жұмыс жоқ деп ақталады. Тіпті кейбірі есіктерін бекітіп алып, ешкімді де жақын жолатпайды. Өйткені олар миллиондаған қарызды төлегеннен гөрі, тығылып қалғанды тиімді көреді.

Ләззат Сасанова, «АлматыЭнергоСбыт» компаниясының операторы:

-Ең үлкен қарыз миллиондай болған бір адамда. Ол Айдосов, Андрешев дегендерде. Қазір 500 мыңға түсіп жатыр ақырындап. Кейбірінің жағдайы болмай жатыр.

Осыдан төрт ай бұрын ауыл тұрғындарының қарызы 9 миллион теңгені құраған. Алайда тұрақты түрде өткізілген рейдтердің арқасында берешек төрт миллион теңгеге дейін қысқарыпты. Соған қарамастан жарық таратушы мекеме қызметкерлері бұл ауылға жиі келуге жүрексінеді. Себебі желілерді ажыратуға келген мамандарға ауыл жастары жұдырық ала жүгіріп, күш көрсетеді екен. 

Loading...