Талғар ауданындағы шамамен 10 мыңға тарта тұрғыны бар Еркін елді мекені Алматыдан 15 шақырымдай жерде орналасқан. Ауыл мен қала арасын байланыстырып тұрған 303-ші бағыттағы автобус енді бұл ауылмен жүрмейтін болды. Мұны естіген тұрғындар бүгін өре түрегелді.
Эльмира Болысбаева, Еркін ауылының тұрғыны:
-Автобустың тоқтап, тамақ ішетін, душ, бәрін қабылдайтын жері бар болатын. Соның жерін біздің әкім сатып жіберіпті. Енді бізді бұл жерге кіргізбейміз, балаларымыз трассадан отыру керек боп тұр.
Ал тас жол ауылдан әлдеқайда алыс жатыр. Оған жету үшін жаяулатып отырып 2-3 шақырым жүруі керек. Әзірге 303-ші бағыттағы автобустар күнделікті тұрағында топырлап тұр. Осы жерден күн сайын таңертең 500-дей адам шығады. Бірақ оларды жердің жаңа қожайыны қуып жатыр екен.
Қарлығаш Шортанова, автобус кондукторы:
- Мысалы мына ауылдың адамдары келеді. Сендерді алады дейді мына жерден. Алса, ала берсін. Халық қиналып жатыр.
Ұялы телефонға түсірілген мына кадрларда ауыл әкімінің орынбасары тұрғындармен дауласып жүр. Алайда мәселенің мән-жайын білмек боп біз барғанда жауап алар тірі жан таппай қалдық. Әкім орынбасарларымен бірге ұшты күйлі жоқ.Осылайша, автобусын алдырып тастамауын өтініп келген халық шенеуніктерді орнынан таппай сенделіп қайтты. Дегенмен, олар қол қусырып отырмақ емес. Автобустан мүлдем айырылып қалмас үшін сотқа арыз-шағым түсіреміз дейді.
Loading...