Алматы облысында кісі өлтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Бакуде ұсталды

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Күдікті азамат Қазақстанға өткізіп берілді, делінген полицияның бүгінгі баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде, биыл 3 ақпанда Алматы тұрғыны полицияға жүгініп, 73 жастағы туысы өзінің «Лексус» маркалы джип көлігімен Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан үйінен шығып кеткенін, бірақ баратын жеріне жетпегеніне бір күн болғанын мәлімдеген. Келесі күні ол адамның денесі Үлкен Алматы каналының арнасынан табылған. Оның денесінен жарақаттар табылған.

Жедел іздеу шаралары барысында екі жігіт ұсталды. Олар тағы бір сыбайласымен бірге Белбұлақ ауылы маңында джип көлігінің иесін өлтіріп, оның көлігін ұрлап мініп кеткендерін мойындаған. Үшінші қылмыскер ол кезде тергеуден бой тасалаған болатын.