Ағаш күркеде тұрып жатқан Анар Қалиеваның жаңа қонысы осы. Үй деген аты болмаса, қораға бергісіз. Ішіндегі ескі-құсқы мүлік шіріндіге айналып кеткен. Күйе мен ыс сіңген қабырғалары қирап, құлаудың алдында тұр. Аулада жатқан мына қоқыстың бәрі үйден шығарылған. Қолданысқа мүлдем жарамайды. Десе де екі баламен талай түндері далада өткен келіншек бұған да шүкіршілік етіп отыр.
-Енді осындай үй болса да разымын. Осының бәрін жөндеп, өзім тұрам.
Жалғызбасты ана жөндеуді бастаймын деп қуанғанымен, бұл үйдің заңды иесі бар. Қырға мал бағуға кеткен олар күзде қайтып келуі мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдік баспананың уақытша деп берген.
Анар Қалиева:
-Әкімге айттым, міне бос үй тұр деп. Тұра бер әзірге, үй иесі келгенше деді. Иесі келгеннен кейін босат деп жатса, босатарсың, бірдеңе қылармыз деді. Маған қандай үй болса да өзім жөндеп алам ғой енді ақырындап. Тек,маған жарықты қосып берсе болды.
Мұнда келгеніне бір апта болса да қуықтай кіреберіс пен бір бөлмені әлі тазалап бітіре алмай жатыр екен. Үй иесінің салақ болғаны соншалық, іші қара шіріндіге айналған. Ауласы арақтың бос шөлмегіне толы. Әйтеуір, әуелгі келгенде жаны ашыған жандар үй айналасын шырмаған ағаштарды кесіп, жан-жағын тазалап беріпті.
-Жұпыны болса да екі балалы Анарға бұл да жеткілікті. Ішін тазалап, жөндеп, күзге дейін кіріп алмақшы. Тек бір өкініштісі, күзге салым бұл үйдің иесі қайтып келуі мүмкін. Ол жағдайда Анарға тағы да далада қалу қаупі төніп тұр.
Loading...