Алматы облысында Нұртай Әбіқаевтің қатысуымен «Қастек» жаңа шекара бекеті ашылды

Бұл туралы ҰҚК-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

ҰҚК төрағасы шекара бекетіне сапары барысында әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмысы үшін лайықты жағдай жасау бойынша шараларды жоспарлы түрде іске асырудың маңыздылығын баса айтты. Нұртай Әбіқаев шекарашыларға мықты денсаулық, жауапты да игі істеріне жетістік, сондай-ақ мемлекеттік шекара күзетінде қырағы болуға тілек білдірді.

«Қастек» жаңа бекеті барлық қажетті инфрақұрылымы бар әскери қалашық. Онда шекарашылар үшін қажетті жағдайлар жасалған, жайлы және кең казарма, жатақхана, спортзал, кинология қызметіне арналған орын-жай, ат қоралар мен басқа да нысандар салынған.


Жыл аяғына дейін ҚР Мемлекеттік шекарасын жайластыру бойынша мемлекеттік бағдарламаның аясында еліміздің оңтүстік және шығыс учаскелерінде бірқатар объектілерді ашу жоспарлануда.

«Қастек» шекара бекеті Қырғызстан Республикасымен ұзындығы 28,5 шақырымға созылған мемлекеттік шекараны күзетеді. 2005 жылдан бері осы уақытқа дейін 20-дан астам мемлекеттік шекараны бұзушы ұсталды. Заставаға қарсы мемлекеттік шекараны Қырғыз Республикасы Чу шекара жасағының «Кемен» шекара бекеті күзетеді.